15:50, 20 Қаңтар 2015 | GMT +5
Ұшақта мас болып, жанжал шығарған Өзбекстан азаматын «Астана-Ташкент» рейсінен алып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың халықаралық әуежайында «Астана-Ташкент» рейсін рәсімдеу кезінде көрсеткен өрескел әрекеті үшін Өзбекстан азаматын рейстен алып қалды. Бұл туралы Астана сотының сайтынан хабарланды.
Есіл ауданының № 2 сотында ҚР ҚК-нің 320 бабындағы 1 бөлімімен айыпталып отырған Г.есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Әуе кемесінің ішінде алкогольдік мас күйінде болған бұл азамат қоғамдық тәртіпті бұзып, жолаушылардың мазасын алды. Бортсеріктері мен желілік полиция өкілдерін балағаттап, өз әрекеттерімен қоғамды сыйламайтындығын көрсетті», - делінген хабарламада.
Сот іс материалдарын зерттеп, сотталушыны кінәлі деп таныды және оны 100 айлық есептік көрсеткіш - 185 200 теңге көлеймінде айыппұл төлеу жазасына кесті.
Сот үкімі заңды күшіне енді.