Ұшақта шылым шеккен әйел жолынан қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Алматы-Қарағанды» бағытындағы әуе рейсінен ұшақ бортында темекі шеккен 32 жастағы келіншек борттан түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарағанды қаласы әуежайының желілік полиция бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының «Алматы-Қарағанды» бағытында қатынайтын әуе кемесі бортында құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама түскен. Көлік полициясының тексеруі барысында әуе кемесінің бортында Қарағанды қаласының 32 жастағы азаматшасының темекі шеккені анықталды. Ол осы әрекеті арқылы ұшу қауіпсіздігі ережесін бұзған. Әуе кемесі командирінің актісімен ол рейстен түсірілді»,- делінген Көліктегі полиция департаментінің хабарламасында.
Дәл осындай тағы бір оқиға да Алматы әуежайында тіркелген. Онда да «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағында темекі шеккен шетелдік азамат жазаға тартылған.
«Құқық бұзушы Өзбекстан Республикасының 39 жастағы азаматы болып шықты. Ол «Ыстанбұл-Алматы-Ташкент» бағытындағы әуе кемесінің бортында темекі шеккен. Әуе кемесі командирінің актісімен ол рейстен түсірілді. Бұл фактілер бойынша көлік полициясының қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, аталған құқық бұзушыларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 564-бабы 5-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін оны ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне жіберді», - деді департаменттен.
Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің аталған бабына сәйкес кінәлі тұлға 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.