Ұшақтағы ақау АҚШ мемлекеттік хатшысының Түркияға сапарын кідіртті
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Үкіметтік ұшақтың бортындағы техникалық ақау АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Түркияға сапарын кідіртті. Бұл туралы Утро.ру шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.
Керри бүгін Вашингтоннан Ыстамбұлға жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 07:00-де ұшып шығуға тиіс еді, алайда ұшақ бортының есігі қарысып қалды. Мемлекеттік хатшыға, оның зайыбына, күзетшілерге, көмекші қызметкерлерге және оларға еріп жүрген БАҚ қызметкерлеріне бортты тастап кетуге тура келді. Біраз уақыттан кейін мемлекеттік хатшыға шұғыл түрде қосалқы үкіметтік ұшақ берілді. Амалсыз кідіріс мемлекеттік хатшының кемінде екі сағат уақытын алды.
Керри Ыстамбұлға Еуропа мен Таяу Шығыстың алты еліне турне ауқымында аттанды. Мемлекетттік хатшы бұл сапарында әріптестерімен Сириядағы және КХДР-дағы жағдайларды талқыламақ.