Үшарал-Достық трассасы ақылы жолдар қатарына кіруі мүмкін
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Көлік министрлігі республикалық маңызы бар Үшарал-Достық автожолын ақылы негізде пайдалану туралы бұйрық әзірлеп, қоғам талқысына шығарды.

Жаңа бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталына жарияланды.
Министрліктегілердің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 184 шақырымдық республикалық маңызы бар Үшарал-Достық автожолы ақылы болса, жиналған қаражат төлем алынған жолдың күтіміне және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталады. Алайда төлем жасау жүргізушілердің бәріне бірдей міндетті емес.
— Үшарал-Достық тас жолын ақылы негізде пайдалану жоспарланып отыр. Жеңіл көліктер үшін жол ақысы алынбайды. Ал жүк көліктерінің класына байланысты 1240 теңгеден 6250 теңгеге дейін ақы алынады. Егер жүргізуші алдын ала төлем жасайтын болса, жеңілдіктер қарастырылған. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына төлемді енгізудегі мақсат оны дамытуға салынған қаражатты сақтап қалу үшін, нормативтік және сапалық күтімін қамтамасыз ету үшін. Ақылы жолдардағы тариф құнының өсуі олардың күтімін қаржыландыру үшін қажетті нормативке қол жеткізуді ескере отырып есептелген, — деді ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Үшарал-Достық автожолы елімізді Қытай Халық Республикасымен байланыстырады.
Еске салайық, осыған дейін «ҚазАвтоЖол» жолдың тайғақтығына шағымданған жүргізушілерге жауап бергенін жазғанбыз.