Үшаралда шекарашы авиаторлардың оқу-жаттығуы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үшарал авиациялық эскадрильясының базасында бір жақты ұшу-тактикалық жаттығуы болып өтті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Үшаралда шекарашы авиаторлардың оқу-жаттығуы өтті

Оқу-жаттығу аясында авиаторлар Үшарал - Ақтоғай - Үшарал бағытында 300 шақырымдық автомобильді маршқа шығып, оның барысында байланыс жүйесіндегі кедергілерді жою, лагерьге шартты шабуылды орындау, техникалық және тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру секілді тапсырмаларды атқарды.

«Қызылағаш» авиациялық полигонында 4 бірдей тікұшақтың көмегімен авиациялық зеңбіректерді, авиациялық бомбаларды, басқарылатын авиациялық ракеталар мен пулеметтерді қолдану арқылы нақты тапсырмалар орындалды.

Сондай-ақ «Қызылағаш» полигонында ҚР ҚМ 21751 «Жетісу барысы» әскери бөлімімен өзара бірлескен іс-қимыл тапсырмалары орындалды.

Үшарал эскадрильясы қазақ-қытай шекарасындағы бірнеше отрядтарды авиациялық жағынан қамтамасыз етеді.

Эскадрилья қызмет атқарып келе жатқан уақыттан бері оның экипаждары 50000 сағаттық ұшу жұмысын орындады. Ұшқыштар Ауғанстандағы әскери іс-шаралар кезінде батылдық пен батырлық үлгісін көрсете білді.

Ұшқыштар құрамы барлық шекаралық іс-шараларға, лаңкестікке қарсы оқу-жаттығуларға белсенділікпен қатысып келеді.

Шекарашы ұшқыштар мемлекеттік шекараны қорғаудан басқа қиын жағдайға тап болғандарды құтқару іс-шараларына да қатысуда.

Түркістанда садақ атудан Қазақстан кубогының кезеңі басталды
Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан спортшылары 4–10 мамырда қандай жарыстарда бақ сынайды