Үшемді дүниеге әкелген ата-аналарға баспана кезексіз берілуі керек - Қ. Айтаханұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үшемді дүниеге әкелген аналарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана кезексіз берілуі керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханұлы осы меселені көтеріп, Үкімет мүшелеріне құлаққағыс жасады.

Үшемді дүниеге әкелген ата-аналарға баспана кезексіз берілуі керек - Қ. Айтаханұлы

Еске сала кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Құжатта Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығы қамтылған. «Бұл көптен айтылып келе жатқан өте дұрыс мәселе. Ал ендігі кезекте пәтер алудың бірінші кезегіне көп балалы Батыр аналарды қосу. 7-8 сәбиге әлемнің жарығын сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, оларды бағып-қағуда еліміздің өркендеуіне еңбек ететін, тәуелсіздігімізді қорғайтын азаматтарды дүниеге келтіріп, оларды тәрбиелеуден артық маңызды қызмет те, жұмыс та, құндылықтар да жоқ шығар деп есептеймін», - деді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.

Бұдан бөлек, депутат елімізде жыл сайын 40-50 үшемдер дүниеге келетінін, ал оларды дүниеге әкелген отбасыларға өңір басшыларының қамқорлығымен қалталы азаматтар есебінен пәтерлер берілетінін, жәрдемдер болатынын жеткізді.

«Алайда, халқымыздың санын көбейтуге ерекше үлес қосып отырған, дүниеге үшем әкелу бақытын иеленген ата-аналарға заңды түрде қамқорлық жасалып, баспана беріліп жатқан жоқ. Сәбилі болған жас отбасыларға бірінші кезекте баспананың керектігі бәрімізге белгілі. Қазіргі заманда үшем емес, бір баланы бағып-қағудың өзі оңай емес. Ал үш сәбиге жарық дүние сыйлап, оны бағып-қағып отырған ата-анаға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасалса да жарасады. Сондықтан да, заң жобасында «үшем және одан да көп баланы дүниеге әкелген ата-аналарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс тұрғын үй алу құқы бар» деген норманы ұсынамын», - деді Қуаныш Айтаханұлы. Бұл ретте сенатор жылына елімізде 40-50 үшем дүниеге келетінін, ал ондай отбасыларды 3 бөлмелі пәтерлермен қамтамасыз етуге шамамен 500 млн. теңге қажет екенін де еске салды.

«Құрметті Ерболат Асқарбекұлы және Үкімет өкілдері! Жыл сайын миллиардтаған қаржылар игерілмей жатқанда үшем туған аналарға кезексіз пәтер беру үшін жарты миллиард теңге табу қиын бола қоймас. Тым болмаса Үкімет пен облыс әкімдерінің резервтік қорлары есебінен қаржы бөлінсе де көптеген мәселені шешуге болады деп ойлаймын», - деді Қ. Айтаханұлы.