Үшінші елдерден келген заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл күшейе түседі

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңы қабылданды.

Үшінші елдерден келген заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл күшейе түседі

Аталған келісімге Кеден одағы Үкіметтерінің басшылары 2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербор қаласында қол қойған болатын. Келісім тараптардың үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастығының негізгі бағыттары мен нысандарын айқындайды. Cондай-ақ, құжат бойынша заңсыз көші-қонына қарсы іс-қимылдың негізгі мақсаты мен ішкі еңбек нарығын қорғау шаралары көзделеді. Осыған байланысты, құжат заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілерді анықтау мен есепке алу, осындай заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға жәрдемдесетін немесе онымен айналысатын арналар мен құрылымдардың жолын кесу, көші-қон көлемінің мониторингі, заңсыз келушілерді елден шығарып жіберудің тетігін жетілдіру, сондай-ақ құқық бұзушылардың Кеден одағы елдеріне келуін шектеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қарастырады.

Тараптардың ынтымақтастығы көші-қон мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілермен, заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу, осы салада жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу секілді нысандарға негізделген.