Ұшқыш Александр Аношкин Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды
АСТАНА. Желтоқсанның 16-сы. ҚазАқпарат - Тікұшақ эскадрильясы авиациялық звеносының ұшқыш-операторы, аға лейтенант Александр Аношкин жауынгерлік және қызметтік борышын адал атқарғаны және ерлігі үшін Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ағымдағы жылы маусымның 17-сінде майор Асқар Қарамергеновтың басшылығындағы экипаж Ми-24 тікұшағымен ұшу жаттығуын орындап жатады. Жерге қонар кезде тікұшақ экипаж командирі мен борт - техник отырған оң жақ бортпен құлап, өртке оранған.
Тікұшақ құлағаннан кейін лейтенант Александр Аношкин жедел қимылдап, әріптестерін жанып жатқан әуе көлігінен алып шыққан. 24 жасар ұшқыш-оператор байсалдылық пен кәсібилік танытқан.