«Үштілділік не үшін қажет?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 сәуір, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Үштілділік не үшін қажет?» - баспасөзге шолу

***

Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовтің шақыруымен 2016 жылғы 14-15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына сапары болып өтті. Сенім мен өзара түсіністік жағдайында өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың ахуалы мен даму келешегін, сондай-ақ бірқатар халықаралық және өңірлік саясаттағы өзекті мәселелерді талқылады. Бұл жайында ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік санындағы «Ортақ мүдде орайындағы сапар» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Мақала авторының жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Ташкентте өткізу жоспарланып отырған ШЫҰ Саммитіне қатысты жайттарды талқылады. Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы тарихи достық қатынастарға тоқталып өтті. «Біз бұл байланыстарды тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, мемлекеттерімізді жақындастыра түстік. Бұл орайда, көрші ретіндегі біздің риясыз ниетпен кездесу тәжірибеміздің маңызы зор. Мен Сізбен достығымды, қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын. Мақсат осы қарым-қатынастарды, өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Барша қазақстандықтар атынан өзбек халқына табыс пен бақ-береке тілеймін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Үш тұғырлы тіл жайында әңгіме шыққаннан бері жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Біреулері жаңалықты жақтайды, енді бір парасы оның ұтымдылығына күмән келтіреді. Тіл ұстанымы бойынша қазір біздің қоғамымыз екі ұдай болып тұрғандай да әсер қалдырады. Қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтіндердің арасына көзге көрінбейтін сызат түсіп қалатын кездері де болады. Ал енді, анығына келсек, үштілді білім беруді іске асыру халықтың барлық топтарын біріктіреді, қазақ тілінде сөйлейтін және орыс тілінде сөйлейтін қауымның ортақ ақпараттық өрісте топтасуына, бірін-бірі неғұрлым жақсырақ түсінуіне, жүрекпен ұғысуына мүмкіндік береді. Біздің діттегеніміз де сол емес пе?!» - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақала авторының атап өтуінше, үштілді оқыту үрдісін енгізудің көптеген артықшылықтары бар. Халықаралық қатынас тілі ретінде ағылшын тілін білу бүгінгі таңда қажеттілік болып табылады. Біздің балаларымыз ЖОО-ларға түскен кезде және басқа ұлттар мен елдердегі құрдастарымен қарым-қатынас жасаған кезде тілдік һәм психологиялық кедергіні сезінбеуі тиіс. Мақала «Үштілділік не үшін қажет?» деген тақырыппен берілген.

***

«Сәуір айының соңында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатынан алынған мыс концентратының алғашқы коммерциялық партиясы Қытайға экспортқа жіберіледі», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылымның жазуынша, ағымдағы жылы бұл комбинат 45-65 мың тонна мыс пен құйма түріндегі 50-70 мың ункция алтын шығаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса алдағы 10 жыл бойы Бозшакөл жылына 100 мың тонна мыс пен 120 мың ункция алтын беретін болады. Дайын өнім Қытайға экспортталады.

***

«Алтай өлкесінің моңғол бөлігінде «Адидас» фирмасының кроссовкасына қатты ұқсайтын аяқ киім табылды», - деп жазады «Экспресс К» газеті.

Археологтар зираттан шығыстық ою-өрнекпен әспеттелген көптеген киімдер тапты. 1500 жыл бұрын жер қойнауына берілген ханшайымның «Адидас» фирмасының крассовкасына қатты ұқсайтын аяқ киімі айрықша жаңалық десек те болады. Айта кетерлігі, биік өкшелі аяқ киімді ең алғаш түркілер киген. Қазақстанда табылған қыпшақтардың зиратынан 5-ші ғасырға тиесілі 7 сантиметрлік өкшесі бар етік табылған болатын. Айта кетерлігі, мұндай өкшелі етікті еркектер де, әйелдер де киген. Мұндай саптама етіктер атқа мінгенде аяқты үзеңгіге іліп отыру үшін өте ыңғайлы болатын.