Үштөбеде теміржол үстіне асфальт төсеген мекеме жауапкершілікке тартылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысының Үштөбе қаласында көмір тиелетін пунктіге апаратын теміржол үстіне асфальт төселіп кеткен. Рельстерді жауып тастаған жол жөндеушілер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған фактіні Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері тіркеуге алды. Анықталғанындай, жол жөндеу жұмыстары кезінде теміржол рельстері асфальт астында қалған.
«Аталған учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізген жол ұйымы жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабында (Жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) көзделген әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі кезде теміржол өтпелері қалпына келтірілді», - делінген Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

