Үшжылдық бюджетте әлеуметтік шығыстарға 36,2 трлн теңге көзделген

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 17,8 трлн теңге сомасында анықталды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үшжылдық бюджетте әлеуметтік шығыстарға 36,2 трлн теңге көзделген

«Бюджет жобасын қарау барысында оның бағыттары мен мазмұны егжей-тегжейлі талқыланды. Атап айтқанда, 2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 17,8 трлн теңге сомасында анықталды. Бұл ретте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 59,8 пайыздан 2025 жылға қарай 78,2 пайызға дейін өсумен көзделгенін атап өткен жөн. Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызынан 2025 жылы кезең-кезеңмен 2,5 пайызға дейін төмендеуімен айқындалған», - деді ол.

Вице-премьердің дерегінше, бюджет шығыстары келесі жылы 21 трлн теңгені құрайды.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдықтың бірі. Оны бюджеттің әлеуметтік шығыстарының өсу динамикасы көрсетіп отыр. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар - 36,2 трлн теңгені, оның ішінде 2023 жылы 10,6 трлн теңгені құрайтын болады. Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 17,6 трлн теңге, оның ішінде келесі жылға 5,2 трлн теңге жоспарланған. Оның 90 пайызға жуығы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған», - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2023-2025 жылдары 6,7 трлн теңгені, оның ішінде келесі жылы 2,1 трлн теңгені құрайды. Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 11,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 3,0 трлн теңге көзделген.