Үскірік аязда алматылықтар сағатына 33,3 млн кВт электр энергиясын тұтынған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үскірік аяз болған күндері алматылықтар бір тәулікте 33,3 млн кВт/сағ электр энергиясын тұтынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үскірік аязда алматылықтар сағатына 33,3 млн кВт электр энергиясын тұтынған

«Самұрық Энерго» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 қаңтарда Алматы бойынша электр стансалары максималды көрсеткіш - 1550 МВт электр энергиясын өндірді. Оның 960 МВт-ы «Алматы электр стансаларының» еншісінде.

«Қалада тәліктік тұтыну көрсеткіші сағатына 33,3 млн КВт-қа жетті. Барлық локалды энергия көздері максималды жүктемемен жұмыс жасады. 2013 жылдан бері Алматыдағы электр энергиясын тұтыну 12 %-ға артқан. 5 жыл бұрын жылына 5,8 млрд КВт/сағ болса, былтыр 6,5 млрд кВт/ сағатқа жетті. Жыл сайын тұтыну көрсеткішінің артуына байланысты аймақта жаңа энергия өндіру стансаларын салу қажеттілігі арта түседі», - деді «Самұрық-Энерго» баспасөз қызметінен.

«Алматы Электр стансалары» АҚ мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері электр энергиясының өндірісі 17 %-ға өскен.

Отын қоймаларында 300 мың тонна көмір сақталған. Бұл қор нормасынан 70%-ға артық.

Қазір қаланың энергоқызметінің басшылары мен апатты бригадалар, «Алатау жарық компаниясы» АҚ 92 бригадасы мен 256 маманы күндіз-түні кезекшілік етіп отыр.

Соның арқасында Орбита шағын ауданындағы төтенше жағдай 1-2 сағаттың ішіне қалпына келтірілген болатын.