Усолка өзені арқылы өтетін автожол көпірі ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Павлодардағы Усолка өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірін тексерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бүгін Павлодарда Усолка өзені арқылы өтетін жаңа көпір ашылды. Оның беріктігін тексеру үшін облыс әкімінің өзі 20 тонналық КамАЗ-дың руліне отырып, көпірдің дайын екендігін дәлелдеді.
Жаңа көпірде төрт метрлік бір қозғалыс жолағы мен ені бір метр болатын екі қауіпсіздік жолағы бар. Көпірдің ұзындығы - 87,29 метр.
Павлодар әкімдігінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова хабарлағандай, бұл көпір бюджет қаржысынан тыс ақшаға салынған.
«Павлодар қалалық әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық бөлімшесі, «Павлодар өзен порты» АҚ және «Стальмонтаж» ЖШС арасында Усолка өзенінен автомобиль көпірін салу бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды», - деп мәлімдеді ол.