Усть-Лугада ұсталған қазақстандықтардың қазіргі жағдайы қалай - СІМ түсініктемесі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кентте болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
2026 жылғы 28 наурызда Бас консулдық қызметкерлері аталған кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, оның ішінде тұрмыстық жанжал салдарынан ұсталған азаматтармен кездесу өткізді.
Консулдық мәліметінше, вахталық кентте шамамен 15 мың адам тұрады. Олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысып жатқан түрлі мердігер ұйымдардың қызметкерлері.
Алдын ала деректер бойынша, тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды.
Сонымен қатар бірқатар азаматтарға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімі қабылданды. Тағы үш қазақстандыққа қатысты тергеу жалғасып жатыр.
– Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер немесе медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ. Барлығына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, – деп мәлімдеді Бас консулдық.
Бұдан бөлек, вахталық кенттің өзінде жұмысшылар, бригадирлер, Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания және күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Кездесу барысында жағдай жан-жақты талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.
Қазіргі уақытта кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан тараптарға қатысты тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, 27 наурыз күні әлеуметтік желілерде Ресейдегі құрылыс нысандарының бірінде болған жаппай төбелестің видеосы қызу талқыға түсті. Бұлардың арасында Қазақстан азаматтары болуы мүмкін екені айтылды. Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігі шұғыл тексеру жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.
Келесі күні оқиғаға қатысқан қазақстандықтар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ екені белгілі болды.