Ұстаздардың қоғамдық мәртебесін міндетті түрде көтереміз - Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Ұстаздардың қоғамдық мәртебесін міндетті түрде көтереміз. Бұл туралы АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

АЭС, ұстаз
Фото: akorda.kz

«Сіз халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанған таланатты оқушыларға қолдау көрсеттіңіз. Жас шахматшылардың да әр қадамын назарда ұстап, қолдап келе жатқаныңызды білеміз. Жалпы, мұндай қадамның астарында қандай мән бар?» - деп сұрады БАҚ өкілдері Президенттен.

«Мәні терең, себебі мен жалпы жастарды қолдап, үнемі айтып келемін. Мемлекетіміздің келешегі жастардың қолында. Бұл - жай ұран сөз емес. Бұл - біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де жастарды қолдаймыз, жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды қолдауымыз керек. Кеше ғана мұғалімдерге, ұстаздарға марапаттар бердім. Мұғалімдер - қоғамымыздың озық тұлғалары. Олар дарынды жастарға білім беріп отыр. Жастарды болсын, мұғалімдерді болсын біз, мемлекет барлықтарын қолдаймыз. Бұл - бір. Екіншіден, ұстаздар қоғамымыздың басты кейіпкері болуы керек. Бұл - жай сөз емес. Бұл – саясат. Сондықтан оларға жәрдем беріп, мұғалімдердің, ұстаздардың беделін арттырып, қоғамдық мәртебесін міндетті түрде көтереміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде атом электр стансасын салу бойынша референдумда дауыс берді

Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.

Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.

1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.

Соңғы жаңалықтар