Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістіктерімен бағаланады – Алматы облысының үздік мұғалімі

Бүгінгі күні мектептің қай-қайсысына барсаңыз да сынып жетекшісінен бастап, пән мұғалімдеріне дейін негізінен әйел адамдар береді. Тіпті дене шынықтыру сабағын да жүргізіп жатады. Білім ордаларында ер мұғалімдердің қатары неге сиреп кетті? ҚазАқпараттың осындай сауалына ұстаздар күні арнайы сұхбат берген үздік педагог жауап берді. Ол - Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы №1 орта мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Тақылбек Айтқажыұлы. Педагог-зерттеуші, математика ғылымдарының магистрі. 14 жылдық еңбек өтілі бар.

Ұстаз

– Тақылбек Айтқажыұлы, мұғалімдік мамандыққа жайдан жай келе салмағаныңыз анық, бұл саланы таңдауыңыздың себебі неде?

– Ұстаздық - ең киелі мамандық, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұстаздан тәлім алып, оң солын танып, өмірде өз жолдарын табады. Ұстаз болу менің бала арманым, мен алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бастап ұстаздарыма еркеше құрметпен қарадым, әлемде ұстаздан білімді, ұстаздан ұлағатты жан жоқтай көрінетін. Жоғары сыныпқа көшіп, мамандық таңдауға келгенде мен басқа сыныптастарым секілді қандай мамандық таңдаймын деп бас қатырмадым. Бірден ұзстаздық жолын таңдадым. Ел ертеңі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие жүргізу мен үшін үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік.

– Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланады, мақтан тұтатын оқушыларыңыз бар ма?

– Әрине, әрбір ұстаздың еңбегі оның шәкірттерінің жеткен жетістіктерімен бағаланады. Мен ұстаздық еткен 14 жыл ішінде талай шәкірттерім түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орындардан көрініп жүр. Әр жылғы 11 сынып түлектері ҰБТ –тен ойдағыдай нәтиже көрсетіп келеді. Шәкірттерімнің әрбір жетістігі жұмысыма үлкен серпіліс әкеледі.

– ХХ ғасыр және ХХІ ғасыр ұстаздарының айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылық жер мен көктей деп айта аламын. Әр дәуірдің өз көші болады. Әлем сәт сайын өзгеріп, ақпарат ағыны толассыз жаңаланып тұратын ХХІ ғасырда ұстаздар бәсекеге қабілетті, шығармашыл және үздіксіз ізденісте болғанда ғана заман ағымына ілесе алады. Ал ХХ ғасырда ұстаздар білімі жағынан қазіргі ұстаздарымыздан кем түседі деп айта алмаймын.

– Қазір жасыратыны жоқ, ата-аналар балаларын қосымша курстарға береді. Әсіресе, 10-11 сынып оқушылары ҰБТ-те жоғары бал алу үшін қыруар қаржы төлеп барады. Сонда мектептегі білім төмен бе, әлде баланың түсініп алуына уақыт жетпей ме?

– Қосымша курстарға балалар өздерінің жеке қызғушылықтарын дамыту мақсатында қатысады. 10-11 сынып түлектерінің ҰБТ-тен жоғары балл жинау үшін түрлі орталықтарға баратынын жоққа шығармаймын. Бұл мектептегі берілетін білімнің төмендігінен емес, әр баланың білімді қабылдау деңгейіне және жоғары сыныптардың оқу бағдарламасының біршама қиындығына да байланысты деп ойлаймын. Әрине ҰБТ ол білім алушының 11 жылдық еңбегінің нәтижесі болмақ, сол себепті 10-11 сынып түлектері күнделікті мектептегі жоспарлы бағдарламадан тыс қосымша дайындықты күшейтетіні даусыз.

– Заманауи мұғалім қандай болуы керек?

– Заманауи мұғалім кәсіби білімі терең, рухани дамыған, үнемі ізденісте болып, өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын шығармашыл тұлға болу керек деп есептеймін.

– Ұстаздың бойында болуы керек қасиеттерді атай аласыз ба?

– Ұлт болашағы жас ұрпақты тәрбиелеп отырған әрбір ұстаз өз мамандығын терең меңгеріп қана қоймай, мейірімді, кішіпейіл, адал, байсалды және көркем мінезді болу керек деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары мұғалім ер адамдарды сирек кездестіреміз оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей ұстаздық ол киелі мамандық. Осындай жауапты мамандыққа кейінгі жылдарда ер адамдардың сирек келетіні де рас. Оның себебі, мардымсыз жалақы және мұғалім мәртебесінің қоғамдағы орынының төмендігі деп білемін.Алайда соңы жылдардағы мемлекетіміздің ұстаздардың мәртебесін көтеруі, жалақының кезең кезеңімен өсуі осы мамандыққа ер адамдардың көптеп келуіне оң әсерін тигізді.

– Жақында мұғалімдер арасындағы облыстық байқауда жүлдегер атандыңыз құтты болсын! Қандай талаптар қойылды?

– Рақмет, әр ауданның кілең мықты ұстаздары қатысқан «Жылдың үздік мұғалімі-2023» байқауының жеңімпазы атану мен үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар алдағы уақытта еселеп еңбек етуіме серпіліс әкелетіні даусыз. Байқау оқушылармен 20 минуттық заманауи сабақ өткізу, «Білім берудегі трендтер» шығармашылық таныстырылым, импровизациялық тапсырмалар және цифрлы портфолио қатарлы 4 кезең бойынша өтті. Әр кезеңге нақты бағалау критерийлері қойылып, сарапшыларымыздың жоғары деңгейде әділ қазылық етуімен шынайы бағаланды.

– Мемлекет тарапынан бюджеттік сала қызметкерлеріне берілетін артықшылықтар көп. Ұстаздардың айлығы да жыл санап көбеюде. Мемлекет ұсынып отырған осындай игіліктердің жемісін көріп жатырсыз ба?

– Әрине, мемлекетіміздің «Ұстаз мәртебесін» көтеру туралы бастамасы және мұғалім жалақысының кезең-кезеңімен өсуі осы мамандыққа деген қоғамның кереғар пікірін өзгертіп, білікті мамандардың көптеп тартылыуына ықпал етті.

– Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?

– «Математикалық сауаттылық негіздері» тақырыбындағы авторлық бағдарламам республикада бекітіліп, ұстаздарымыздың оң бағасын алды. қазіргі таңда қолданыста. Оқушыларым түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орындардан көрінсе, өзім мұғалімдер арасында өткен түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып дипломдармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталдым. Аудан, облыс, республикалық деңгейде мұғалімдермен өз тәжірибеммен бөлісудемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!