Ұстаздық мамандықта ақылы бөлім болмауы тиіс - Педагогтік білім берудің республикалық кеңесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұстаз болатын болатын түлектердің барлығы шығармашылық емтихан тапсыруы керек. Бұл туралы бүгін Педагогтік білім беру жөніндегі республикалық кеңесте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің ректоры Серік Пірәлиев мәлім етті.

Ұстаздық мамандықта ақылы бөлім болмауы тиіс - Педагогтік білім берудің республикалық кеңесі

«Педагогикалық жоғары оқу орындарына абитуриенттерді қабылдау тек ақысыз негізде жүзеге асырылуы керек. Ақылы білім беруден бас тарту қажет. Қабылдау емтиханына дейін педагогикалық жоғары оқу орнына түсуге ниеттілер шығармашылық емтиханды тапсыруға міндетті. Бұл олардың педагогикалық қызметтегі қабілеттілігін анықтауға бағытталуы керек. Мектепті «үздік» бітірген түлектер ҰБТ-ны тапсырмай, тек шығармалық емтихан негізінде қабылдануы қажет. Осы орайда үздік абитуриенттерді тартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

С. Пірәлиевтің сөзіне қарағанда, елімізде педагогикалық мамандыққа бөлінетін гранттардың саны - бес мың. Осы жас мамандардың барлығы оқудан кейін шағын мектептерге баруын ынталандыру маңызды.

«Ұстаз дайындауда тек мемлекеттік грант негізінде оқытсақ, сонымен қатар бұрынғыдай оқу орнын бітірген жас мамандарды жоспарлы түрде еліміздің алыс ауылдарындағы мектептерге бағыттасақ дұрыс болар еді. Яғни, грантпен оқығаннан кейін, министрліктің жіберген мектебінде кем дегенде үш жыл еңбек етуі керек», - деді ректор.