Ұстазға тынымсыз ізденіс пен талмас талап қажет-Аягөз Қапарова
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұстазға тынымсыз ізденіс пен талмас талап қажет. Осындай өмірлік ұстанымы бар ақмолалық ұстаз Аягөз Қапарова еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қоғамда қандай мамандық иесі болса да бәрі ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алады. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып, ел қатарлы еңбек етіп отырған ұлағатты жанның бірі – Аягөз Қапарова дер едік.
Бүгінде жоғары және орта арнаулы оқу орнын бітіріп, педагогикалық мамандық алған көптеген білімді жастарымыздың еңбек жолын басқа саладан бастағанын кездестіріп жатамыз. Ал, мұның себебі неде жатыр? Мүмкін мамандығынан адасқандар ма, бәлкім... Зеренді ауданына қарасты, Ақкөл орта мектебінде география пәнінің мұғалімі Аягөз Уәлиханқызы керісінше, ұстаздық жолдан бақытын тапқан жан.

Аягөз Уәлиханқызы 1990 жылы Атбасар ауданының Есенгелді ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол 2008 жылы ауылдағы орта мектепті аяқтаған соң, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқуға түсіп, 2012 жылы «География пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып шығады.
Бүгінгі таңда елімізде көзі ашық, көкірегі ояу жастарға зор үміт артылып отыр. Әсіресе ауылдық елді-мекендерде жоғары білімді мамандар тапшы. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізуде.
Осы бағдарламаның қатысушы Аягөз Уәлиханқызы да еңбек жолын 2012 жылы Зеренді ауданының Ақкөл орта мектебінен бастады. Содан бері мектепте өтетін түрлі іс-шараларға белсене қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Ол сабаққа жан-жақты дайындықпен келеді. Білім берудің озық технологиясын қолдану арқылы әр сабағын қызықты әрі тартымды өткізуге тырысады. Оқушының сабаққа қызықтыру мақсатында сыныптан тыс іс-шараларды да жиі ұйымдастырады.


«Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі. Ұстазға ең басты керегі - тынымсыз ізденіс пен талмас талап. Жауапты жұмыс болғандықтан, білім бағдарламасына сай әр сабақта қазіргі замаңғы білім берудің озық технологиясын қолдануға тырысамын», - дейді мұғалім.
География пәніне деген қызығушылығын арттыра білген үздік ұстаздың да еңбегі елеңбей қалған емес. Қалалық және облыстық байқауларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген оның республикалық «Мое призвание - педагог» байқауында жеңімпаз атанғанын айтып өткен артық емес. Бұл әрине, жас маман үшін үлкен жетістік.
Бұл күнде жан жолдасы Нұржан екеуі қос ұл тәрбиелеп отырған абзал жан асқан құрмет пен беделге ие. Ол саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуға шынайы атсалысып келеді.