Үстел теннисі: Алан Құрманғалиев әлем чемпионатында алтынға қоса қола медаль жеңіп алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында мәресіне жеткен әлем чемпионатында Алан Құрманғалиев алтынға қоса қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан үстел теннисі федерациясынан мәлім еткеніндей, Эльмира Әлиева жаттықтыратын 15 жасар қарағандылық спортшы мысырлық Хана Годамен аралас жұпта әлем чемпионы атанса, жекелей сында үздік үштікке ілікті.

Жекелей сында 15 жастағы жасөспірімдер арасында франциялық Флавиен Котон топ жарса, жапониялық Ёшияма Казуки екінші орынға ие болды. Алан Құрманғалиев тағы бір жапониялық Танимото Такумимен бірге үшінші сатыға көтерілді.

«Туниске барар алдында біз Аланмен бірге екі медаль алуды мақсат еткен едік, соны орындадық. Жаттығу залында көп еңбектендік, «WTT Contender» турнирлеріне қатысып, тәжірибе жинақтадық. Халықаралық рейтингідегі орнымызды жақсарттық. Міне, соның нәтижесінде елге қос медальмен оралып келе жатырмыз. Жан-жақты қолдағаны үшін Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазинге, Қарағанды облыстық федерациясының төрағасы Жеңіс Қасымбекке алғысымды білдіремін», деді Аланның бапкері Эльмира Әлиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын үстел теннисінен қазақстандықтың алғаш рет әлем чемпионатында алтын алғанын жазған болатынбыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Алан Құрманғалиевті жеңісімен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар