Кәсіпкерлердің құқығын бұзған: «SHYMKENT» ӘКК-не 105 миллион теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – «SHYMKENT» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 105 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы жазды.

прокуратура
Фото: Kazinform

Шымкент қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша «SHYMKENT» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кәсіпкерлермен келісімшарт жасау кезінде шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін әртүрлі пайыздық айыппұлдар қолданғаны анықталды.

Мысалы, ЖШС-нің бірімен бірлескен қызмет туралы жасалған келісімге сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі құқық бұзушылықтар үшін ӘКК 0,01% мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеген, ал осыған ұқсас бұзушылықтар үшін басқа ЖШС-ге 5% қолданылған.

Айтарлықтай айырмашылық пен әртүрлі шарттардың талаптарын қолдану кәсіпкерлердің құқығын өрескел бұзған.

Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабына сәйкес үстем жағдайға ие нарық субъектілерінің басқа тұлғалардың заңды құқықтарын бұзатын әрекеттеріне тыйым салынады.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураның уәждерімен келісіп, ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кінәлі деп тауып, 104,7 млн. теңге айыппұл салды (нарық субъектілерінің үстем жағдайын теріс пайдалануы).

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.