Үстіміздегі жылы автокөлік құралдарын тіркейтін 4 орталық ашылады
АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы Қазақстанда автокөлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәлігін беретін 4 Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі Pm.kz сайтына.
ҚР ККМ ақпарына қарағанда, аталған орталықтар Астана, Ақтау, Алматы, Қарағанды қалаларында ашылады. Қалған облыстарда осындай мамандандырылған мекемелердің ашылуы 2013 жылы жүзеге асырылмақшы.
Орталықтардың жұмысында қызметкерлердің практикалық емтихандарға әсерін толығымен болдырмайтын «автоматтандырылған автодром» жүйесі қолданылатын болады.
Қазіргі кезде жаңадан құрылып жатқан Орталықтардың жұмыс принциптері мен аталған салада қызмет көрсетудің бизнес-үрдісі анықталған. Бүгінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мамандандырылған Орталықтарды ұйымдастыру автокөліктерді тіркеу мен жүргізуші куәлігін беру саласында көрсетілетін қызметті оңтайландырып, сапасын арттырады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы автокөлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру жұмыстарын ХҚКО құзырына беруді тапсырған болатын.