«Үстіміздегі жылы теңге бағамы тұрақты болады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 қаңтар, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкіметтің 2011 жылғы алғашқы отырысы өтті. Премьер-Министр атап көрсеткендей, 2010 жылы еліміздің экономикасы саласындағы жұмыс біршама жақсы атқарылды. Алғашқы болжамды мәліметтер бойынша, елімізде ішкі жалпы өнім көлемі 7 пайызға өсті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ішкі жалпы өнім өсімі - 7 пайыз» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, алдын ала алынған деректер көрсетіп отырғанындай, өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға артқан. Құрылыс саласының өсімі 101 пайыз, сауда 112 пайыз болды. Көлік саласы бойынша өсім 7,4 пайызға, байланыс 5 пайызға өсті. Еліміздегі инфляция деңгейі белгіленген дәлізден ауытқымай, 7,8 пайыз көлемінде қалған. Алқалы жиын барысында сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі, жылыту маусымында түйткілді жайттар қаралған. Министрлер кабинетінің ағымдағы жылғы бірінші отырысын қорытындылаған Үкімет басшысы: «2011 жылы ең басты мәселе азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына жол бермеу болып табылады», - деп атап көрсеткен.
Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда негізгі баяндаманы аталған агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев жасады. Өз баяндамасын ведомство басшысы 2010 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде бастап, алдағы жылдары атқарылуы тиіс шаруалар жайынан да мағлұматтар берді. «Бәйтерек» ғарыштық кешенін іске қосу мерзімі 2015 жылға қайта шегерілген. Бұған себеп Ресей жағы «Ангара» атты зымыран ұшырғышты ұшыру сынақтарын 2013 жылға ауыстырып жатқандықтан болып отыр. Осы ретте агенттік төрағасы алқа мәжілісіне қатысып отырған Үкімет басшысынан аталған жобаны қаржыландыру жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Осыдан кейін Т. Мұсабаев «KazSat-2» жер серігін, бұйыртса, биылғы жылдың наурызында көкке көтеруді жоспарлап отырғандарын да айтты. Аталған спутникті іске қосу кезінде оның басқару аппаратурасында бірқатар ақаулар анықталған. Қазіргі таңда осы кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде», - деп жазады басылым. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе, сәрсенбілік нөмірдегі «Ғарыш саласының дамуы ел дамуының белгісі» деген мақалаға назар салыңыз.
***
Кеше елордада Қазақстанда, сондай-ақ ТМД шеңберіндегі басқа елдерде тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы даму нәтижелерін пайымдау, жаңа бағдар қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы «Посткеңестік дамудың 20 жылдығы: нәтижелер мен жаңа үрдістер» тақырыбына арналған Еуразиялық сарапшылар жиынын өткізуге бастамашы болды. Оған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, азаматтық қоғам институты өкілдері және Әзербайжан, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Украина елдерінен танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Осы алқалы жиын жайында егжей-тегжейлі бүгінгі нөмірінде баяндаған «Айқын» газеті шетелдік сарапшылардың Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту туралы референдумға қатысты пікірлерін де жариялап отыр. Атап айтқанда, Электоральды жүйелер жөніндегі халықаралық сараптау орталығының (ІCES) президенті, Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры, израильдік А.Цинкер: «Референдум өткізу - кең қолданылатын демократиялық үрдіс болып саналады. Әлемде Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізген 30-дан астам оқиға бар. Референдум плебисцитарлық демократия теориясы аясында саяси акт ретінде негізге алынады. Ол шындығында, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінің барлығында пайдаланылған», - дейді.
Ал М.В.Ломоносов атындағы ММУ Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерделеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының директоры А.Власов: «Өтпелі кезеңде маңызды саяси шешім қабылдауда референдум сияқты демократиялық құрал ғана, әсіресе, аз уақыт бұрын тәуелсіздікке ие болған жас мемлекеттер үшін ең тиімді тәсіл болып саналады. Ал президенттік өкілеттікті ұзарту мәселесі бойынша референдум өткізу бастамасы көтерілген Қазақстан жағдайына келетін болсақ, бұл толықтай қолданыстағы Конституциямен, ең бастысы - халықтың қалауымен сәйкес келеді», - деп өз ойын білдіріпті. Бұдан басқа да шетелдік сарапшылардың пікірін білгіңіз келсе, басылымның сәрсенбілік санын жіберіп алмаңыз.
Өткен барыс жылы Қазақстан үшін қарқынды жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Әрине, бұл орайда қоғамдағы өзгерістерді ең алдымен Елбасымен байланыстыру заңдылық. Сондықтан 2010 жыл Мемлекет басшысы үшін жемісті сапарлар жылы мен тың бастамалар жылы болды. Президенттің ел іші мен халықаралық кездесулері жұртшылықтың көз алдында өтті. Бұл жөнінде «Айқын» газетіне сұхбат берген Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков өзінің ойларымен бөліскен. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы миссиясының байыпты бағдарламасын Қазақстан Президенті еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметіне кірісуіне байланысты ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 2010 жылғы 14 қаңтардағы отырысында баяндап берді. Соған сәйкес, қазақстандық төрағалықтың барысында негізгі күш-жігер посткеңестік кеңістіктегі «сүрленіп қалған» деп аталатын дау-жанжалдарды реттеуге бағытталды. Осы орайда Н.Назарбаев Таулы-Қарабақ жанжалына байланысты Әзірбайжан және Армения президенттерімен, сондай-ақ Приднестровье мәселесі бойынша Ресей Федерациясының, Украина мен ЕО-ның президенттерімен келіссөздер ұйымдастырды, солардың барысында осыларды реттеу жөніндегі келіссөздерді қалпына келтіруге қатысты екіжақты маңызды келісімдерге қол жеткізілді», - дейді. Сұхбат газеттің бүгінгі нөмірінде «2010 жыл еліміз үшін де, Елбасы үшін де қызу еңбек жылы болды» деген тақырыппен берілген.
***
«Үстіміздегі жылы теңге бағамы тұрақты болады». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен жарияланған мақалаға Ұлттық банктің кешегі баспасөз мәслихатында айтылған дүниелер арқау болған. Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченко алдағы уақытта қаржы нарығындағы тұрақтылық сақталатынын, сондықтан да 20 наурызда «валюталық дәліз» тәжірибесі аяқталатынын атап өткен. «2010 жыл ел экономикасы үшін барынша жайлы болды. Инфляция көлемі жоспарланған 6-8 пайыз шамасынан асқан жоқ. Теңге бағамы тұрақты, бағам тербелісі 1,6 пайыз төңірегінде тұрақтады. Егер Ұлттық Банктің валюталық интервенциясының көлемі шамамен 2 миллиард долларды құрағанын ескерсек (биржадағы жалпы көлемнің 9 пайызы), бағам өзін-өзі реттеді деп айтуымызға толық негіз бар. Егер экспортталатын шикізат бағасы былтырғы жылдың деңгейінде қалыптасса, 2011 жылы да осы жай қайталанады. Номиналды түрде бағам тұрақты сақталса, нақты жағдайда - теңге күшейе түсетіні анық» - деп мәлімдеген Ұлттық Банк төрағасы.
«Қыс ортасы аумай жатып, сел қауіп төндіре бастады. Еліміздің кейбір өңірінде өзендер тасып, жылғалар арнасы қайта толып жатыр. Ауа райының күрт жылынуы әсіресе оңтүстік аймақтарда қатты байқалуда. Табиғаттың тосын мінезі тұрғындарға оңай тиіп жатқан жоқ. Күні кеше Алматы облысы Ұйғыр ауданының аумағында Шарын өзенінің тасуы салдарынан ондаған үйді су басып, жүзедеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Айтып келмеген апат аудан тұғрындарын әбігер мен уайымға салды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті сәрсенбі күнгі нөміріндегі «Ұйқылы-ояу әкімдер селден де селт етпейтін болды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 10 қаңтар күні Шарын өзенінің сол жақ жағалауы тасыған. Арнасынан асып төгілген су өзенге жақын орналасқан үш көшенің бойындағы үйлерді алып кеткен. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда су 250 ауланы, оның ішінде 100 үйді алып кеткен.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Жоғарғы Сот төрағасы Мұсабек Әлімбековты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде. Басылымның атап өтуінше, М.Әлімбеков Мемлекет басшысын Қазақстандағы сот жүйесінің жағдайы туралы хабардар еткен. «Мен Президентке сот жүйесінің 2010 жылдағы жұмысының қорытындылары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде берілген Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы баян еттім», - деп атап көрсеткен М.Әлімбеков қабылдаудан кейінгі брифингте.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, сол күні Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Нұртай Әбіқаевты да қабылдады. Н.Әбіқаев Мемлекет басшысына Комитеттің қызметі жайында баяндаған.