Утейа аралында лаңкестік салдарынан қаза тапқандардың ішінде Грузия азаматшасы бар
АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Норвегияның Утейа аралындағы лаңкестік кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен Грузия азаматшасы Тамта Липартелианидің норвегиялық аралда өлі денесі табылды.
Бұл жөнінде бүгін Тбилисиде өткен брифинг барысында журналистерге Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Нино Каландадзе мәлімдеді, деп хабарлайды РБК.
«Өкінішке қарай, біздің ең қорқынышты болжамдарымыз расталып отыр. Біз норвегиялық құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істедік. Қаза болғандарды тану мәселесіне қатысты белгілі қиындықтар туындады. Кеше олар ресми түрде саусақ іздері бойынша мәліметтер сұрастырды, біз шұғыл түрде олардың сұраған биометрикалық мәліметтерін жібердік», - деп хабарлады министрдің орынбасары.
23 жастағы қыздың денесін тану шарасы толық аяқталды. Норвегиялық тараптың хабарлауынша, ол арқасына атылған екі оқтан қаза болған.
Н.Каландадзенің айтуынша, Тбилиси норвегиялық тараптың Т.Липартелианидің мәйітін отанына қайтару үшін тасымалдау шараларын тезірек ұйымдастыратынына сенім артып отыр. Ол, сонымен қатар, норвегиялық тараптың тасымалдау, жерлеу және туыстарына өтемақы төлеу шығындарын өз міндеттеріне алғанын хабарлады.
Грузия СІМ қаза болған қыздың отбасына көңіл айтты.
Утейа аралындағы жастар лагерінде лаңкестік орын алған сәтте екі грузиялық студент қыз болған - Н.Чхетиани мен Т.Липартелиани. Н.Чхетиани жоғалып кеткен құрбысын таппайынша Грузияға қайтпайтындығын мәлімдеген. Қазір Норвегияға Т.Липартелианидің ата-анасы аттанды.