Утильалымды енгізу көлік бағасының өсуіне едәуір әсер етті – депутат

Фото: пресс-служба Сената
Фото: ҚР Парламентінің Сенаты баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов көлік алуға пайызы төмен несие беру және жалпы автоөндіріс саласындағы проблемаларды жария етті.

«Екінші деңгейдегі банктер ұсынған жеңілдікпен автокөлік алуға несие бөлу көлемі халықтың сұранысын қанағаттандыра алмады. Оны autonesie.kz платформасында 18 секунд ішінде аяқталған лимит мөлшері анық көрсетіп тұр», - деді С. Мәкеженов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында. 

Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап мемлекет автокөлік алуға жеңілдетілген несие беру арқылы отандық автокөлік өндірушіні қолдаудың нарықтық тетігін қолданып келеді.

«Біздің мемлекет отандық автокөлік өндірушіні қолдай отырып, елімізде шығарылатын өнімнің қазақстандық құрамдас бөлігі арта түсетініне сенім артты. Алайда мемлекет қаржыландыратын жеңілдетілген несие отандық автомобиль өндірісін дамытуға іс жүзінде әсер еткен жоқ деп айтуға болады», - деді депутат.

Сұлтанбек Мәкежанов осыған байланысты жеңілдетілген несие және жалпы автомобиль өндірісі саласының тағдырына қатысты Үкіметтің атына бірқатар мәселе айтты.

«Еліміздегі жеңілдетілген тәртіпте автокөлік алуға несие беру елімізде автомобиль паркін жаңарту мен халықты автокөлікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатын ескерген. Мемлекет автопаркті жаңарту үшін сырттан әкелінетін автокөлікке бастапқы тіркеу енгізді. Бастапқы тіркеу құны әкелінетін автомобильдің шығарылған жылына байланысты. Ол бойынша ескі көлік әкелу тиімсіз болуы керек еді, алайда іс жүзінде бұл барлық көліктің қымбаттауына әкеліп соқты. Утильалым енгізу де көлік бағасының өсуіне едәуір әсер етті», - деді сенатор Мәкежанов.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum