Ұтылыссыз ұтыс жоқ - «Барыс» ХК бас жаттықтырушысы А.Шаянов
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында «Барыс» хоккей клубының бас жаттықтырушысы Андрей Шаянов баспасөз мәслихатын өткізді.
Кездесу барысында ол Континентальдық хоккей лигасындағы жарыстың алғашқы айындағы команданың көрсеткен ойынына қорытынды жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, чемпионаттың алғашқы ойынында Омбының «Авангард» командасымен кездескен астаналық спортшылар сенімді ойын өрнегін көрсете алған. Алайда екінші ойынды мәскеулік «Динамомен» өткізген «Барыс» қақпасына 5 шайба жіберіп алды. Осылайша қорғаныстан жіберілген қателіктер ұтылуға мәжбүр еткен.
Команданың тұрақты ойын өрнегін көрсете алмауын шеберлік деңгейі жоғары ойыншылардың болмауынан, жастардың тәжірибесінің жетімсіздігінен екенін атап өткен А.Шаянов, «командада болашағы зор талантты ойыншылар бар. Дегенмен оларға мол тәжірибе мен дағды қажет», дейді.
Сонымен қатар, бас жаттықтырушы чемпионат күнтізбесінің өте тығыз болуы да ойыншыларға әсер етіп отырғандығын айтады. «Барыс» командасы 29 күнде 13 кездесу өткізген. Ойын аралығындағы бос күндер спортшылардың өз-өзіне келуіне, жіберген қателіктеріне сараптама жасауға кетіп, жаттығу үрдісіне бос уақыт қалмайды екен.
«Қазір өте қиын, себебі тәжірибе жетіспейді. Ұтылыссыз ұтыс жоқ. Біз осы уақытта өз мүмкіндіктеріміздің шыңына көтеріле алған жоқпыз. Қазіргі нәтижемізге қарап, біз өз ойынымызды ширата түсетіндігімізге үміттіміз. Дегенмен бізге жанкүйерлердің қолдауы қажет-ақ», дейді А.Шаянов.