UWW Қазақстан палуандарының барыс суреті бейнеленген киім эскизін бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) Қазақстан спортшылары үшін киім үлгісінің эскизін бекітті.

UWW Қазақстан палуандарының барыс суреті бейнеленген киім эскизін бекітті

Еске сала кетейік, биылғы жылдың ақпан айында UWW палуандардың жарыстарда киетін киіміне қатысты ережелерді жаңартып, дәстүрлі қызыл және көк түсті палуандар трикосын алып тастады. Оның орнына спортшылар өз елінің ұлттық туы түстес күреске арналған киім киеді (күңгірт және ашық түсті нұсқаларында).

Бұл 2016 жылы «Олимпиадалық күресті сақтайық» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін басталды. Сол кезден бері көптеген шаралар, кездесулер өткізілді, соның ішінде киімнің визуалдық үлгісіне арналған шаралар болды, себебі қызыл және көк түстер көрермендер үшін қиыншылықтар туғызатын.

«Сол кезден бастап Қазақстанның күрес федерациясы жаңа форманы әзірлеумен айналысты. Бүгін United World Wrestling Қазақстанның формасын бекітті. Енді палуандарымыз Қазақстанның символы болып саналатын қар барысы бейнеленген сары-көк түсті трикомен шығады», - делінген Kazakhstan Wrestling Online-нің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасындағы хабарламасында.

2