Үй карантинін сақтамаған 4 мыңнан астам адам анықталды – елорда әкімі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ahyq жүйесі елордада үй карантинін сақтамай, қоғамдық орындарға барған 4 мың адамды әшкереледі. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үй карантинін сақтамаған 4 мыңнан астам адам анықталды – елорда әкімі

«Соңғы аптада вирус жұқтыру бойынша 3500-ге жуық жағдай анықталып, күніне орта есеппен 500-ге жуық жағдай тіркелді. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылданып, вакцинация жұмыстары күшейтілді. Бірінші және екінші компоненттер бойынша барлығы 365 мыңнан астам екпе жүргізілді. Басқа медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 100-ден астам вакциналау пунктері жұмыс істеуде. Осыған қоса ірі сауда орталықтарында тиісті егу пунктері ашылды. Ірі кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында вакцинациямен қамту үшін көшпелі медициналық бригадалар құрылды. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің 90 пайыздан астамы, коммуналдық қызмет мекемелерінің 70 пайыздан астамы вакцина алуда», - деген қала басшысы тұрғындарды ынталандыру үшін түрлі бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындарын ұйымдастыру жалғасып жатқанын атады.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, қалада күшейтілген карантиндік шектеулерді сақтамаған заңды тұлғалар 253 млн теңге айыппұл төлеген.

«Ahyq платформасында 1300-ге жуық кәпкерлік субьектісі тіркелген. Нәтижесінде үй карантинін бұзып, қоғамдық орындарға кіруге келген 4 мыңнан астам адам анықталды. Осыған қоса карантиндік шараларды сақтау, бақылау жөніндегі мониторинг топтары жұмыстарын жалғастыруда. Әкімшілік жауапкершілікке 253 млн теңгеге 710 заңды тұлға жауапқа тартылды», - деді әкім.