«Үй салу үшiн де үкiметке қарайлаймыз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 20 маусым, жұма күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Үй салу үшiн де үкiметке қарайлаймыз» - баспасөзге шолу

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы "Қазақстан - Корея: Стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі" атты мақалада.

Газеттiң атап көрсетуiнше, Қазақстан басшысының шақыруына орай жасалған бұл сапар жоғары деңгейдегі байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық серіктестігін дамытуға бағытталған.

"Корея басшысын қарсы алудың барлық ресми шаралары атқарылған соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе шағын құрамда кездесіп, байланыстарды жоғары деңгейде нығайтудың, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықтың, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттарын талқылады. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде де пікір алмасып, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы екіжақты іс-қимылдың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарын салыстырды", - делiнедi мақалада.

Ал "Айқын" басылымының бүгiнгi санында дәрiгерлердiң заңды белден басып, жемқорлыққа белшеден батуына қатысты "Кiм айтты саған, дәрiгер "жемейдi" деп?" атты тақырыппен толымды материал ұсынылып отыр.

"Біздің түсінігімізде, дәрігерлер бүгінге дейін адам жанына араша түсіп күресіп келсе, ендігіде сол ақ халаттылардың өзімен күресуге тура келіп тұр. Өйткені жыл өткен сайын денсаулық саласындағы жемқорлық белең алып барады", - делiнген мақалада. - Айталық, 2012 жылы сыбайластыққа шырмалып, сеніп тапсырған мемлекет мүлкін талан-таражға ұшыратқан медицина қызметкерлеріне қатысты 56 іс қозғалса, 2013 жылы ол 94-ке дейін өсіп кеткен. Ал биылғы бес айдың өзінде қаржы полициясы 15 қылмыстық іс ашып отыр. Соңғы жылдары халық ортасында да саладағы салғырттыққа байланысты наразылық көбейгендіктен, «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес кеше Астанада өзекті тақырыпты арнайы талқылады".

Ауылдағы жастарға жер беріп, үй салуға жағдай жасау керек, әйтпесе, олар шабаданын алады да, Астанаға тартады! Кеше сенаторлар Үкімет өкілдеріне осындай қызықты ескерту жасады, деп жазады "Айқын" "Үй салу үшiн де үкiметке қарайлаймыз" атты тағы бiр мақаласында.

Сенат кеше «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын қарады. Талқылау нәтижесінде құжатқа өз түзетулерін қосып, Мәжіліске қайтарды. Өйткені, оған қатысты бірқатар сұрақтар қалды. Мәселен, сенатор Қожахмет Баймаханов ауылдағы жеке тұрғын үй құрылысы мәселесін көтерді.

Қ.Баймахановтың мәліметінше, ауылда жеке үй салу үшін «кемінде миллион теңге ақша кетеді»: «Нақты Қызылорданы алсақ, Ереке, өзіңізге де қатысы бар өңір ғой, үйді бір адам - қамыстан, басқасы саз-кесектен салады. Мына заңда оларға қатысты ештеңе жоқ. Жеке үйді өзі салам деген адамдарға жеңілдік қарастырсаңыздар деген өтінішім бар» деді ол Экономика министрі Е.Досаевқа.

Сенатор әсіресе, ауылда тұратындардың балалары көп болып келетіндігіне назар аударды: «Оңтүстікте бір отбасында 7-8 бала бар, оның 3-4-еуі ұл болады да, кейін үйленеді, олар бөлек шығуы керек. Енді жеке отау құрып, үй салайын десе, жер учаскесін ала алмайды. Солай сенделгендері қанша! Суы, жарығы, инженерлік желілері тартылмаған деп бос жатқан жерлерді бермейді. Бұлардың бәрі қажет, бірақ арық науасын тарту талабы неге керек? Мен соны түсінбеймін. Өткенде бір ауылға бардым, сол науалардың барлығын салып қойған, ертең ол жерде құрылыс жүргенде, машина, трактор қатынайды емес пе? Көшенің бойындағы арықтар тас-талқаны шығып, солай бұзылып жатыр» деген ол осы талапты қайта қарауды ұсынды.