Үй салуға берілген жер учаскелерінің 57 пайызы 5 жылдан астам уақыт бойы бос жатыр - Қ. Отаров

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат -Жеке тұрғын үй құрылысы үшін беріліп, кейіннен игерілмей жатқан жер учаскелерінің 57 пайызы 5 жылдан астам уақыт бойы бос жатыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.

Үй салуға берілген жер учаскелерінің 57 пайызы 5 жылдан астам уақыт бойы бос жатыр - Қ. Отаров

Комитет төрағасының айтуынша, былтырғы жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылыстарына ұсынылған жер учаскелерін түгендеу жүргізілген. «Жерді түгендеу нәтижесінде 44 мыңға тарта пайдаланылмай тұрған учаскелер немесе заңнаманы бұза отырып пайдалану фактілері анықталды. Бұл зерттелген жер учаскелерінің 20 пайызын құрайды. Ал игерілмеген жер учаскелерін талдау барысында олардың 57 пайызы 5 жыл бойы пайдаланылмай келгенін, бос жатқанын көрсетті. Жер учаскелерін игермеудің басты себебі оларда тиісті инженерлік инфрақұрылымдармен жабдықталып, жеке тұрғын үй құрылысына даярланбауынан болып табылады», - дейді Қ. Отаров.

Оның айтуынша, 14 мыңға тарта жер учаскесі тұрғын үй құрылысын салатын аумақта сумен қамтамасыз ету нысандарының, электр энергиясының, жолдардың жоқтығынан пайдаланылмаса, жер учаскелерінің 30 мыңнан астамы сол азаматтардың өз кінәсінен игерілмей отыр.