Үй жанындағы дүкендерде сауда үстемесінің сақталуы тексеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үй жанындағы дүкендерде сауда үстемесінің сақталуы тексеріледі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үй жанындағы дүкендерде сауда үстемесінің сақталуы тексеріледі

«Инфляциялық процестерді тежеу мақсатында Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін қабылдады. Ол жедел және жүйелі сипаттағы іс-шараларды көздейді. Мәселен, әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (бұдан әрі – ӘЛМАТ) 15 пайыз сауда үстемесінің сақталуына мониторинг және бақылау жүргізеді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті (бұдан әрі – СИМ) сауда үстемелерін асыратын субъектілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша ұсынымдар әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға (бұдан әрі – ЖАО) жолдады», - деген Әлихан Смайылов жауабында.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы бойынша 192 әкімшілік іс тіркелді және белгіленген құқық бұзушылықтарды қайта бұзғаны үшін 4 айыппұл салынды.

«Бас прокуратурамен жұмыс кездесуі өткізілді. Оның нәтижесі бойынша қосымша мониторинг жүргізілетін болады. Содан кейін тікелей «үй жанындағы дүкендерде» сауда үстемесінің сақталуы тексеріледі. Себебі, ӘЛМАТ бағасының негізгі өсуі осы дүкендерде болып отыр. Сонымен қатар, көтерме жеткізушілерді тексеру жүргізіледі. Онда сауда үстемелерін асыра бағалау фактілері де болады. Аталған іс-шаралармен қатар Мемлекет басшысы қойған жаңа міндеттерді ескере отырып, СИМ бағаны тұрақтандыру құралдарын іске асыру тетіктерін қайта қарайды», - дейді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, «айналым схемасы» аясында ішкі сауда субъектісінің «айналым схемасын» қаржыландыруын 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту үшін ЖАО-ға тиісті тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттерден «айналым схемасына» 86,1 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, қосымша 14,9 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл ретте «айналым схемасы» құралын қайта қарауға пайдалану үшін жоспарланған қаражаттың жалпы әлеуеті шамамен 50,0 млрд теңге болаы. Ол тікелей ӘЛМАТ өндірушілеріне жіберіледі.

«Сонымен қатар, монополияға қарсы реттеу бөлігінде жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, бүгінгі күні 56 хабарлама, 4 ескерту шығарылды. Бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл белгілері бойынша 13 тергеу жүргізіліп жатыр және монополияға қарсы комплаенстің 132 актісі жасалды. Жыл басынан бері елімізде 5 689 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Онда тауарлар нарықтық бағадан 10-20 пайыз төмен бағамен сатылады», - деді ол.