Ұялы байланыс операторларына 69 млн теңге айыппұл салынған
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық ұялы байланыс операторларын тексеріп жатыр. Биыл алғашқы қаңтар-наурыз айлары аралығында 25 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, анықталған заңсыздықтар үшін 69 млн теңге айыппұл салынған.

Бұл алғашқы тексеріс емес, кейінгі жылдары ұялы байланыс операторларын жаппай тексеру басталды. Мысалы, өткен жылы осы тектес 357 тексеріс жасалып, компаниялар 1 млрд 184 млн теңге айыппұл арқалаған болатын.
«Министрлік 2020 жылы байланыс операторларына қатысты 93 тексеру жүргізіліп, 23,9 млн теңге айыппұл салынды. 2021 жылы 562 тексеру жүргізіліп, 371 заңбұзушылық анықталған, айыппұл көлемі – 132 млн теңге. 2022 жылы 1175 тексеру жүргізілген тексеріс нәтижесінде 1 млрд 670 млн теңге айыппұл салынды, жеңілдікті есепке алғанда 835 млн теңге бюджетке төленді. 2023 жылы 782 тексерудің нәтижесінде 3 млрд 288 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді, жеңілдікті есепке алғанда 1 млрд 644 млн теңге бюджетке төленді», – делінген министрліктің редакция сауалына жолдаған хатында.
Бұған дейін Ұлы байланыс тарифтері неге қымбат деген тақырыпта талдау материалын жариялаған болатынбыз.