«Ұялтудың жолы осы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 желтоқсан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады. ***

«Ұялтудың жолы осы» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстанда халықаралық инвестициялық форум өтті. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап көрсетіп, оның маңызды бір тармағы ретінде жаңа инвестициялық саясаттың негіздерін атап өткен, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде инвестиция көздерін табудың ерекше маңыздылығын жеткізген болатын. Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалар мен міндеттерді орындау бағытында Кенді Алтайда кешегі күні алқалы жиын өтті» деп жазады басылым. Газеттің хабарлауынша, шығыс өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтай Агро Invest-2015» халықаралық инвестициялық форумына 13 мемлекеттен келген 70-ке жуық инвестор мен дипломаттар қатысқан. Жалпы алғанда, ауқымды жиынға 100-ден астам қатысушылар келгенін айта кеткен жөн. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Қытай, Франция, Чехия, Малайзия, Моңғолия, Бразилия, Канада, Үндістан, Швейцария, Израиль және Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері бар. «Біздің облысымыз - еліміздегі экономикалық әлеуеті өте үлкен индустриялық-аграрлық өңірлердің бірі. Оның ішінде инвестиция құюға қолайлы басым бағыттардың біріне агроөнеркәсіптік кешен де жататынын айта кеткім келеді. Үш жылдың ішінде бұл салаға 104 миллиард теңге инвестиция салынса, оның 36 миллиард теңгесі мемлекет тарапынан құйылды»,- деген форум барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Алтай Агро Invest-2015» атты мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ бас басылымның хабарлауынша, Ақтау қаласында салықтан жалтарып жүрген азаматтарды ұялтудың жаңа түрі пайда болған. Ақтау қаласының көшелерінде әдетте жарнамалар ілінетін орындарда қызықты билбордтар пайда болды. Онда бірнеше адамның аты-жөні бадырайта жазылып, көпшілік назарына ұсынылған. Бұлар кімдер дейсіз ғой? «Бұл тізімдегілер мемлекетке тиісті салығын төлемей жүрген кәсіпкерлер екен де, оларды әспеттеп қаланың қақ ортасына ілуші - салықтан жалтарушылармен жұмыс жүргізуде басқа амалы таусылған, яғни оларды ұялтуды көксеген Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы екен», - деп жазады басылымы. Әзірге қаланың төрт жеріне ілінген билбордтарда бес-бестен кәсіпкерлердің аты-жөндері, туған жылдары нақты жазылған. Билбордтардағы жеке кәсіпкерлердің әрқайсысының берешегі 1 миллион теңгеден астам болып шықты. Бұл жөнінде толығырақ «Ұялтудың жолы осы» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газетінің хабарлауынша, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алматыда Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орта Азия және Түркия Республикасы бойынша ат­қа­рушы директоры Наталья Ханженковамен Талдықорған қаласына газ тарату жүйесінің құрылысын қаржыландыру жөнінде меморандумға қол қойды. Келісім бойынша қалаішілік газ тарату жұмыстарына бұл банк 4,6 млрд теңге бөлетін болды. Бүгінде «Ал­маты - Талдықорған» газ құ­быры­ның 210 шақырымы тартыл­ды. Келер жылы қалған 54 шақы­рымы аяқталмақ. Жал­пы, жақын арада Талдықорған қала­сы көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілмек. Бұл жөнінде және Алматы облысындағы тағы бірқатар жақсы жаңалықтар жөнінде «Айқын» газетіндегі «Жетісу өнердің алтын бесігі» атты топтамадан оқи аласыздар.

Сонымен қатар «Айқын» газетінің хабарлауынша, «Ұлттық чемпиондар» бағдарла­масының қатысушысы «Шин-Лайн» АҚ Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан «Ковчег» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, балаларға жаңа жыл мерекесіне орай сыйлықтар мен түрлі тәттілер тарту етті. Бұл күні балмұздақ өндірісі және осы салаға қажетті мамандықтар туралы танымдық әңгіме жүргізілді. Балалар компанияның қызметімен оның «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысудағы алдын ала нәтижелерімен, алға қойған жоспарларымен танысқан. «Ұлт жоспары» 62-қадам, Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру, «Бәйтерек» холдингі Елбасы Н.Назар­баев айқындап берген 5 инсти­туттық реформа және «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру аясында экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Бә­секеге қабілетті саналатын аталмыш компаниялар шұғыл түрде жаңа жоба­ларды іске қосып, экспортты арттырып, импортпен алмастырып және тұрғын­дарды жұмыспен қамтамасыз ете алады» деп жазады басылым. Балалардың қуанышы туралы бұл жаңалықты толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Балмұздақ компаниясы балаларды қуантты» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Астана қаласында оқушылар арасындағы ең үздік инновациялық жобаның авторлары анықталды. «Астанада Инвестиция және даму министрлігі, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік пен Қазақстандағы Британ кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Оқушылар арасындағы ең үздік инновациялық жоба» конкурсының жеңімпаздары марапатталды», деп жазады басылым. Үздіктердің жұмыстарымен таныс болу үшін «Казахстанская правда» газетінде бүгін шыққан «Первые шаги в науку» атты мақалаға көз жүгіртіңіз.