Ұялы байланыс абоненттерінің саны 15 млн. 200 мыңға жетті
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде ұялы байланыс абоненттерінің саны яғни сатылған сим-карталар бойынша 15 млн. 200 мың адамға жетті.
Бұл туралы бүгін Астанада «Телеком 2009. Корпоративті сектор үшін инновациялық шешімдер» тақырыбында өтіп жатқан форумда Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форум жұмысында 2009-2010 жылдарға арналған Қазақстанның ақпараттық-телекоммуникациялық саласын дамыту мәселелер, телекоммуникациялық компаниялардың бизнесін тиімді дамыту үшін жаңа қызмет көрсету түрлерін енгізу мәселелері қаралуда.
Басқосуға еліміздегі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, әлемдік сарапшылар, байланыс операторлары қатысуда. «Қазіргі кезде ұялы байланыс абоненттері сатылған сим-карталар бойынша 15 млн. 200 мың адамға жетті. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 100 тұрғынға шаққанда 98 абонентті құрайды. Бұл нәтиже 2006 жылғы жоспарланған көрсеткіштен асып отыр», деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, 2009 жылдың басында еліміздегі 7 мыңнан астам мектептің, оның ішінде ауылдық жерлердегі 6 мыңға жуығы телефонмен толық қамтылған. Сондай-ақ оларға интернет жүйесі қосылған. Қ. Есекеев 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі мәлімет бойынша 7008 ауылдық елді мекендерге телефон желісі тартылғанын айтып өтті.