Ұялы байланыс қызметі мен қысқа хабарламалар сервисі арқылы алаяқтықтық жасау оқиғалары жиілеп отыр
АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматы GSM Қазақстан ұялы байланыс қызметі мен қысқа хабарламалар сервисі арқылы жиілеп кеткен телефондық алаяқтық жағдайлары туралы хабарлама таратты.
«Заңнама бойынша ұялы байланыс операторы күдікті мазмұндағы немесе жалған ақпараты бар қысқа хабарламаларды жолдайтын нөмірлерге қатысты қандай да бір белсенді әрекет жүргізуге құзыретсіз. Алаяқтықпен күрес - құқық қорғау органдарының жауапкершілігінде. Өз тарапымыздан біз шұғыл-іздестіру және тергеу шараларын жүргізу барысында әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз», - дейді GSM Қазақстан/Kcell компаниясының Корпоративтік коммуникациялар жөніндегі департаменті директоры Аида Досаева. Оның айтуынша, зардап шеккен абоненттердің аз бөлігі ғана құқық қорғау органдарына немесе байланыс операторына хабарласады. Бұл алаяқтарға өз әрекеттерін одан ары жалғастыруға мүмкіндік беруде. Өкінішке орай, мобильді алаяқтық әлі де орын алып келеді және бүгінгі таңда абоненттер үшін ең ұтымды шешімдердің бірі - бұл қаскүнемдердің айласына түспей, бейтаныс нөмірден келген күдікті қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеу.
«Біз абоненттерден әр күдікті жағдай туралы ақпараттық-анықтамалық қызметке хабарласуларын сұраймыз, сондай-ақ өткізіліп отырған маркетингтік науқандар мен ұтыстарды SMS-те көрсетілген ұйымдардан нақтылауларын ұсынамыз», - дейді Аида Досаева. Осы мақсатпен Kcell компаниясы абоненттердің мобильді сауаттылығын ашу аясында қарқынды жұмыс жүргізуде. Клиенттермен жұмыс істеу департаментінде алаяқтық жағдайлары бойынша абоненттердің хабарласуларын тіркейтін, сондай-ақ мобильді алаяқтық түрлеріне бақылау және талдау жүргізетін бақылау және есепке алу бөлімі құрылды. Мобильді алаяқтық мәселесінің әлеуметтік сипатқа ие болып, кең етек жаюына байланысты корпоративтік сайттарында арнайы бөлім ашып, онда мобильді алаяқтықтың танымал сұлбаларын, алаяқтардың әрекеттеріне ұрынбау жолдарын ұсынады. Сондай-ақ абонент алданып қалған жағдайда не істеу қажеттігіне қатысты кеңестер беріледі.