Ұялы байланыс қызметінің бағасы алдағы уақытта жоспарлы түрде төмендетіледі
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұялы байланыс қызметінің бағасы алдағы уақытта жоспарлы түрде төмендетіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті
.
«Соңғы 3-4 жылда халықаралық байланысқа, интернет тарифіне ұдайы баға төмендетіліп келеді. Мәселен, кең жолақты интернетке тариф құны 5 есеге дейін түсті. Халықаралық байланыс құны ағымдағы жылғы шілде айынан бастап екі есеге төмендеді. Ұялы байланысқа келетін болсақ, онда да баға төмендеді, бұл соншалықты керемет болмаса да оны пайдаланушылардың 60 пайыздайын қамтыды. Осы бағыттағы шаралар атқарыла беретін болады», - деді А. Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, ұялы байланыс қызметінің бағасы операторлармен келісілген жоспар бойынша төмендетіледі. «Ұялы байланыс операторлары жаңа жылдан бастап, «интерконнект» тарифтеріне бағаны төмендетеді. Ал ішкі желілер тарифтері акцияларға сәйкес жүзеге асады», деді министр.