Ұялы байланыс тарифтері бойынша Қазақстан 42-ші орында

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - Әлемнің 144 елінің ішінде ұялы байланыс тарифтерінің деңгейі бойынша Қазақстан 42-ші орында.

Ұялы байланыс тарифтері бойынша Қазақстан 42-ші орында

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлады Primeminister.kz сайты.

«Тарифтер туралы жалпы айтатын болсақ, Қазақстандағы тарифтер өте жоғары деп айтуға болмайды. 2013 жылдың ДЭФ-ның IT есебіне сәйкес әлемнің 144 елінің ішінде біз ұялы байланыс тарифтері бойынша 42-орындамыз. Бізде тарифтер Ресейдегіге қарағанда төмен. Мысалы, өткен жылы біз аталған рейтингтің 67-орнында болдық», - деді С.Сәрсенов.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта Көлік және коммуникация министрлігі ұялы байланыс нарығының шамамен 80 пайызын иеленген Kcell және Beeline операторларының бөлшек нарығындағы бағаларын реттеуді жүзеге асырып жатқанын хабарлады.

«Бізде 2 оператор - Kcell және Beeline басым операторлар қатарында. Ағымдағы жылы аталған операторлардың ұялы байланыс қызметтеріне бағалар сараптамасы жүргізілді, соның нәтижесінде біз оларға максималды бағаларды орта есеппен алғанда 18 пайызға төмендету қажеттілігі туралы ескертулер бағыттадық. «КарТел» компаниясы Beeline сауда белгісімен шекті бағалармен келісіп, тарифтерді төмендетті, ал Kcell қазір бізбен сот процестерін жүргізіп жатыр», - деп атап өтті ККМ басшысының орынбасары.

«Айта кету керек, Тele-2 жаңа операторы тарифтерді төмендету бөлігінде үлкен өзгерістер енгізуде. Компания discount- оператор болып табылады. Бұл нарық үшін өте жақсы», - деп толықтырды С.Сәрсенов.

ComNewsResearch талдау агенттігінің мәліметінше, 2013 жылдың ақпанына Қазақстанның ең арзан операторы TELE-2 болып табылады: оператордың ұсынысы бойынша «қоржынның» орташа құны республиканың барлық облыстарында 1093,86 теңгені құрайды, бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен (1932,26 теңге) 43 пайызға төмен. Одан кейін «КаР-Тел» компаниясы Вeeline брендімен бірге: 1855,55 теңге.

Рейтингте қарастырылған операторлар ішінде ең қымбаты Kcell брендімен «Кселл» АҚ болып табылады. Оның ұялы байланыс «қоржыны» 2270,93 теңге деңгейінде тіркелген, бұл ел бойынша орташа есептен 16 пайызға артық. Компанияның басқа бір бренді Activ «қоржын» құнының орташа есебінен 6 пайызға жоғары.

Қазіргі уақытта Қазақстанның ұялы байланыс нарығында Kcell, Beeline, Tele 2, ALtel брендтерімен 4 оператор жұмыс жасайды. Оған қоса нарықтың 80 пайыздан астамы Kcell және Beeline компанияларына тиесілі.