Ұялы телефонын ваннаға түсіріп алған жігіт қаза тапқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Иркутск қаласының 28 жастағы тұрғыны су толы ваннаға ұялы телефонын түсіріп алған соң, қайтыс болған. Бұл туралы аймақтың ІІМ қалалық басқармасының баспасөз қызметінен хабарлайды, деп жазады Утро.ру.
Ер адамның қаза болғаны туралы құқық қорғау органдарына оның жұбайы хабар берген. Ол күйеуін ваннадан өлі күйінде тауып алған.
«Қалалық полиция бөлімшесінің тергеу-жедел іздестіру тобы бұл азаматтың электр тоғының соғуынан қаза болғанын анықтады. Алдын-ала болжамдарға қарағанда, ваннада жуынып жатқан ол электр желісіне қосулы тұрған ұялы телефонын суға түсіріп алған. Оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін тергеу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама жасалады», - дейді полиция қызметкерлері.