«Ұятқа қалдыратын ұялы байланыс» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 мамыр, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ұятқа қалдыратын ұялы байланыс»  - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысы болып өтті. Онда Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгіні санындағы «Түйткілдерді шешудегі түбегейлі қадамдар» деген тақырыптағы мақаласында. Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, қазіргі күні онкологиялық көмек қызметінің көрсеткіштері оң динамикаға ие болғанына қарамастан, жалпы жағдай күр­делі болып қалуда. Мәселен, республика бойынша жыл сайын онкологиялық аурулардың 30 мыңнан астам жаңа оқиғасы анықталады екен. Басылымның жазуынша, Үкімет отырысында бұдан әрі Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Қа­зақ­стан Республикасында қыл­мыс­тық-атқару жүйесін дамы­ту­дың 2012-2015 жылдарға арнал­ған бағ­дар­­ламасының жобасын таныстырған.

 «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 308-бабының 4-бөлігінде көрсе­тіл­ген қылмыстарды жа­саға­ны үшін бұрынғы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты үкім жарияланды.

Аталған қылмыстық іс бойынша сот отырысы ашық түрде бар­лық мүдделі тараптардың, яғни жәбірленушілер мен сотталу­шы­лар­дың туыстары, БАҚ өкілдері, халықаралық және қазақстандық тәуелсіз бақылаушылардың қаты­суымен өтті.

Сот үкімімен бірқатар кінә­лі­лер түрлі жазаға кесілді.       

 ***

Қазақстанда қаншама жақсы бағдар­лама бар. Жап-жақсы жоспар тағы бар. Мемлекет тарапынан соның бәріне қа­ражат бөлініп жатыр. Талай тірлік қолға алынған. Бәрі де жақсы. Бірақ нәтиже қалай? Міне осы сауалға «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Сұраудың орнына - сұрақ белгі?!.» деген тақырыптағы мақаласында жауап беруге тырысқан. «Қаншама тұрғын үй салынып жатыр. Көбісі сапасыз. Сырты көріксіз, іші суық. Салған үйлердің алды құлап та қалды. «Бесоба» деген бітпейтін жырға айналды. Осы жерге үй саларда құрылысшылар ой­ланбай ма? Неге «Бесоба»? деп... Оба - молалы жерге қойылады. Демек, салған жері әу бастан дұрыс емес. Молалы жерге үй салмайды қазақ. Соны ескеру қиын ба?!.«Сальвадор Аленьдені атып кетіпті» десе, бір кемпір: « - Әдірең қалғыр-ай, қа­сыбіріне күйейін» деген екен. Сол сияқты айта берсе, күйінетін нәрсе көп. Сүйіну үшін не істеу керек?», - деп жазады басылым.

 Ұялы байланыс бағасының қымбаттығы халық қалаулыларының да қалтасына жүк салған сияқты. Кеше Парламенттегі «Үкімет сағатында» депутаттар осы мәселені көтерді. «Айқын» газетінің жазуынша, осы күні Мәжіліс алдында есеп бе­руге Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев келген болатын. Оны көріп, қалаулылар іштеріндегі запырандарын төгіп салды. «Ұялы байланыс қызметінің сапасы еш­кімге де ұнамайды! - деп шорт кесті депутат Светлана Романовская. - Біз тіпті талап арыз («исковое заявление») беріп едік, бірақ нақты стандарттың жоқтығына маңдай соғып, тоқ­тадық. Яғни қазір оларды сотта жеңу мүлдем мүмкін емес. Ақыр соңында адамдар не үшін ақша төлейтіндерін білулері үшін ұялы байланыстың, спутниктік телевизияның нақты стандарттарын әзірлеу жоспарларыңызда бар ма?». Мақала «Ұятқа қалдыратын ұялы байланыс» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады. Сенат Төрағасы Президентке Астанада 30-31 мамырда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезін өткізуге әзірлік жұмыс­тары­ның барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Қ.Мәми форумға қатысу үшін әлемнің 40 елінен 87 делегация келе­тінін мәлім етті. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысын қазіргі заң шығару жұмыстары туралы хабардар етті. Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Сенат алдына бірқатар міндет қойды және Қ.Мәмиге нақты тапсырма берді.

***

«Жамбылдық полицей қымызға деген құмарлығы үшін жұмыстан шығып қалды», - деп жазады «Экспресс К»  газеті «Кумыс попутал» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қызметінен қуылған құқық қорғаушы осылай деп өз ісін ақтап отырған көрінеді. Бұл туралы ол ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына жазыпты. Экс-полицейдің жазуынша, сол күні ол жұмысына бара жатқан жолда қымыз сатып алып, күні бойы ішкен көрінеді. Ал кешкісін кадрлық қызметі бөлімінің екі қызметкерімен шекісіп қалған. Ал олар оны қымыз емес, арақ ішті деген күдікпен наркологиялық диспансерге алып барған. Тоқ етері, қымыз қызметкердің қызметінен қош айтысуына себеп болған.