Шыршаны безендірген кезде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек
Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары халыққа үйде жаңажылдық шыршаны безендірген кезде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үйде жаңажылдық шыршаны безендірген кезде өрт шығып кетпес үшін бірқатар ережені қатаң сақтау керек.
«Шырша таңдаған кезде өртке қарсы материалдармен өңделгенін алыңыз. Әдетте бұл туралы ақпарат қаптамада көрсетіледі. Шырша жылыту құрылғыларының маңына орнатылмауы тиіс. Тек зауытта жасалған электр гирляндасын пайдаланыңыз. Шыршаны мақтадан, қағаздан және целлулоидтан жасалған ойыншықтармен безендіруге болмайды», - делінген ақпаратта.
Егер гирляндадан ақау анықталса немесе сымдар қызып, шамдардан ұшқын шықса оны шұғыл түрде өшіру керек.
Сондай-ақ түнде бөлмеден шыққан кезде гирлянданы өшіріп кетіп отырыңыз. Жаңажылдық шырша орнатылған бөлмеде алғашқы өрт сөндіру құралдары тұрғаны жөн.