Үйден шықпаңыз: ТЖД астаналықтарға ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Боран мен желдің күшеюіне байланысты Астананың төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына ескерту жасады. Атап айтқанда, қаланың сыртына шықпай, сақ болуға, ауа райын қадағалап, шектеу туралы ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.  

ауа райы
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Қазгидромет мәліметі бойынша, 9 ақпанда Астана қаласында боран, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан, батыстан соққан желдің екпіні 23-28 м/с жетеді.

8 ақпан кешке, түнде және 9 ақпан таңертең жел қарқыны 30 м/с асады. 

8 ақпан сағат 18.00-дегі жағдай бойынша Астана қаласынан шығатын барлық жолдар жабылған.  

«Дауыл кезінде ең алдымен, электр желілері мен жабдықтардың, тұрғын үйдегі жылыту пешінің жай-күйін тексеру, ішкі және сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтаудың, телефон байланысының жарамдылығын қамтамасыз ету, өртке қарсы құралдарды дайындау қажет. Пәтердегі электр желісінің кернеуі жоғарылаған кезде бүкіл тұрмыстық техниканы дереу розеткадан ажыратыңыз. Сіз жоқта кенеттен электр қуаты қосулы кезде өрт тұтанбас үшін розетканы өшіріңіз. Сондай-ақ, жеке көлікті ағаштар мен ескі ғимараттардан аулаққа қойыңыз. Үйдегі бүкіл терезелерді мықтап жапқан жөн. Егер көшеде қатты жел соқса, қауіпсіз үй-жайды паналаңыз. Балаларды сыртқа шығармауға тырысыңыз және мүмкіндігінше өзіңіз де шықпаңыз. Егер мұндай қажеттілік туындаса, туыстарыңызға немесе көршілеріңізге қайда бара жатқаныңызды және қашан оралғаныңызды айтыңыз. Жалғыз шықпауға тырысыңыз» деп кеңес береді құтқарушылар.   

Сондай-ақ елорда тұрғындары жолда абай болып, қауіпсіздік ережелерін сақтауы, алыс сапарлардан бас тартқаны дұрыс. 

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.

Айта кетейік, ертең Астанада 0-11 сынып оқушылары мектепке бармайды. Сабақты қашықтан оқиды. 

Соңғы жаңалықтар