Үйден шықпай-ақ мектепке құжат тапсыруға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының білім басқармасы баланы 1 сыныпқа беру үшін құжаттарды онлайн тапсыру мүмкіндігі бар екенін еске салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Өтінімді рәсімдеу үшін e.astana.kz сайтына кіріп, байланыс деректері мен қажетті құжаттардың сканерленген көшірмесін көрсету қажет.
«Портал 24/7 режимінде жұмыс істеп тұр, осылайша ата-аналар жұмыста немесе үйде отырып-ақ, мектепке өтінім бере алады», - делінген ведомство хатында.
Балаларды 1 сыныпқа қабылдау үшін мекенжай анықтамасы қажет емес.
«Компьютер немесе интернет болмаған жағдайда ата-ана электронды цифрлық қолтаңба арқылы жақын мектепке барады, ЭЦҚ жоқ болса, құжаттарды қағаз түрінде тапсыра алады», - деп атап өтті қалалық білім басқармасы.
Еске сала кетсек, балалар мектепке 6-7 жастан бастап қабылданады, 31 желтоқсанға дейін 6 жасқа толатын балалар да 1 сыныпта оқи алады.
Мектепке қабылдану үшін ата-ананың немесе баланың басқа заңды өкілдерінің өтініші (құжаттарды қағаз түрінде берген жағдайда); баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 форма) құжаттарын; 3х4 көлеміндегі суреттер (2 дана) бар.
Қосымша ақпаратты 55-68-83, 55-68-73 телефон нөмірлері арқылы білуге болады.