Үйге ақша жинаймыз деп жүріп 5 баласынан айырылғандар бар - Депутат Шарлапаевтың даулы мәлімдемесін сынады
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың «дені сау адам жеңілдетілген ипотекадан үміттенбегені дұрыс» деген мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Дені сау қазақстандықтар жұмыс істемейді деп кім айтыпты. Олар жұмыс істеп жүр. Министрдің сөзіне не пікір айта алам?! Отырыста онымен қалай сөйлескенімізді көрдіңіздер ғой. Мүмкін министр жақсы ақша табатын шығар. Иә, оның айлығы жоғары. Ол бұл отбасыларды білмейді ғой. Мен оған сондай отбасылармен кездесу ұйымдастырамын. Өз көзімен көрсін», - деді Елнұр Бейсенбаев Мәжлістің жалпы отырысында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Депутат баспанаға ақша жинаймыз деп жүріп 5 баласынан айырылған Ситерлер отбасының қайғылы жағдайын еске салды.
«Мен оны (Өнеркәсіп және құрылыс министрі Шарлапаевты -ред.) танымаймын. Өмірбаянын білмеймін. Мен өз басым Ситерлер отбасының қайғылы оқиғасы кезінде Астана әкімдігінде жұмыс істеген едім. Сол жағдайдан кейін күніне 700-800 көпбалалы ана келетін. Осы бағыт бойынша жұмыс істеген алты айдың ішінде 1,5 мың отбасыны аралап шықтым. Олардың ешбірі шалқып өмір сүріп жатқан жоқ. Бәрі қолындағы соңғы тиынын пәтер ақысына беріп отыр. Бір ғана бөлмені 40 мың теңгеге жалдап, тұтас отбасымен тұрып жатты. Конституцияда әлеуметтік-экономикалық мемлекет екенімізді жазған екенбіз, соған сай болуымыз керек. Жалпы ішкі өніміміздің көлемі 450 млрд доллар болатын кез келеді. Адамдардың айлығы шынайы жағдайда 500 мың теңге болатын заман туады. Бюджет қызметкерлері 1 млн теңгеден жоғары айлық алатын болған кезде осы мәселені көтеруге болатын шығар», - деді ол.
Айта кетейік, министр Қанат Шарлапаев Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысы кезінде «Отбасы банктің» бағдарламаларына балама ипотека шығару туралы ұсынысқа даулы мәлімдемемен жауап берген болатын.