Үйі де, жұмыс орны да бір жерде - СҚО-да «қол жетімді полиция» пункті ашылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауылында инспектордың тұрғын үйімен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы ауданы 60 шаршы метр болатын ғимарат екі аймаққа бөлінген. Кеңсе де, тұрғын үй де барлық нормаларға сәйкес жасалған. Жаңа нысанда полиция аға лейтенанты Мейірбек Құрманов әрі тұрады, әрі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Осылайша, инспектор өз қызметін тәулік бойы атқаруы тиіс.
Бұл – облыста тұрғын үймен біріктіріліп ашылған осымен жетінші учаскелік пункт. Кейінгі екі жыл ішінде жергілікті атқарушы органдар және ауыл шаруашылығы жетекшілерінің қолдауымен осындай үйлер Мамлют, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда және облыс орталығында ашылды.
Айта кетсек, Жамбыл ауылы Петропавлдан 200, ал аудан орталығы Пресновка елді мекенінен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ құрамына Жамбыл, Есперлі, Қарағаш, Суаткөл, Амангелді ауылдары кіреді. Халық саны – 500 адамнан астам. Криминогендік ахуал тұрақты.
«Қол жетімді полиция» қағидаты бойынша бой көтерген полиция пунктінің ашылу рәсіміне қатысқан СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов Пресновка ауылында Жамбыл ауданының тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді. Полиция полковнигі интернеттегі алаяқтық, нашақорлық, мал ұрлығы фактілерінің, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алуды күшейту қажеттілігіне назар аударды. Ауданның төрт тұрғыны белсенді ұстанымы мен ішкі істер органдарына жәрдемдескені үшін полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды.