Үйі өртеніп кеткен қостанайлық отбасы халықтан көмек сұрады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Үйінің түгі қалмай жанып кеткен Қостанай тұрғыны тұрғындардан көмек сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 27 ақпан күні сағат 17:00 шамасында Қостанай-2 шағын ауданында екі тұрғын үй өртенді.
Өрт 350 шаршы метр аумақты шарпыған.
«Бәрі аяқ астынан болды. Қазірдің өзінде не істерімді білмей тұрмын. Үйіміздің сау-тамтығы жоқ. Үстіміздегі киіммен ғана далада қалдық. Балалар таныстарымыздың үйінде. Халықтан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмын», - дейді үйі өртенген Мырзағали Өтегенов.
Қазіргі уақытта шығын көлемі есептелуде. Өрт 27 ақпанда сағат 19:03-те толығымен сөндірілді.
«Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Оқыс жайттың нақты себептерін анықтап жатырмыз», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орынбаев.