Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Елдос Қоспаев пен оның сыбайластары сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда соты ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Елдос Қоспаев пен оның сыбайластарына қатысты үкім шығарды.

- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігі негізінде Елдос Қоспаевтың мүлкін тәркілеп, 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалады. Сонымен қатар коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге дейін лауазымды қызмет атқару құқығынан және алкоголь өнімімен байланысты салада 10 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалады, - деген үкім шығарды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алмат Исфахан.
Сондай-ақ судья Елдос Қоспавтың ағасы Айдос Коспаевтың да мүлкі тәркілеп, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сол сияқты коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Одан бөлек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Елдос Қоспаевтың сыбайластарына үкім шықты:
Руслан Шалин – мүлкі тәркіленіп, алкоголь өнімін өткізу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылып, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылып, 12 жыл бас бостандығынан айыру;
Еран Имашев - мүлкі тәркіленіп, алкоголь өнімін өткізу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылып, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 12 жыл бас бостандығынан айыру;
Дастан Әбіжанов – мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 12 жыл бас бостандығынан айыру;
Камардин Алымов – мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 12 жыл бас бостандығынан айыру;
Рауан Бабаев - 12 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды;
Оксана Кудряшова – 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айыру;
Алексей Кузнецов - 12 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, алкоголь өнімін сату саласындағы қызметпен 10 жылға айналысу құқығынан айырылды;
Тимур Танашев - 12 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, коммерциялық ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды;
Василий Бабушкин- 3 жыл мерзімге алкоголь өнімін өткізу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, құқығынан айырылған 9 жыл бас бостандығынан айыру.
Еске сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылғы 6 қыркүйектегі операциясының қорытындысы бойынша Солтүстік Кипрден Қазақстанға Елдос Қоспаев және ол бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін жеткізген еді.
Халықаралық іздеуде болған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Елдос Қоспаев, Айдос Қоспаев, Айбек Қоспаев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Алексей Кузнецов, Ерлан Имашев ұсталып, сот шешімімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық топ күш қолданып, қоқан-лоққы жасап, кәсіпкерлердің мүлкін басып алу, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында көлеңкелі кәсіпкерлікті жүзеге асырды деген күдікке ілінген.
Былтыр 1 наурызда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Елдос Қоспаев пен оның сыбайластарына қатысты тергеу амалдары аяқталды.