Үйінде жасөспірімге оқ атылған экс-әкім сот отырысына келмеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда жасөспірім бала өзінің құрдасына оқ атуына байланысты қозғалған істі қарау кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оқиға биылғы 21 қаңтар күні Бөрлі ауданының бұрынғы  әкімі Қайырғали Имашевтің үйінде болды. Үй иесінің ұлы қонаққа келген балаға абайсызда қарудан атып, ауыр жаралаған еді. Қ.Имашевтің үстінен ҚР ҚК 289-бабына сәйкес (атыс қаруын ұқыпсыз сақтау) қылмыстық іс қозғалған болатын.

Алайда, аталмыш іс бойынша 20 маусым күні өтуі тиіс болған басты сот талқылауына Қ.Имашев келмеді. Сотқа оның науқастанып қалғаны жеткізілді. Сол себепті сот отырысы кейінге шегерілді.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ол ауруханадан шықты. Істі қарауды осы аптада жалғастыру көзделуде.

Айта кетейік, атыс қаруын ұқыпсыз сақтау ауыр зардаптарға әкеп соқтырады. Ондай жағдайда қару иесіне үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы не сол мөлшерде, не екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Немесе айыптыны жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамау туралы да үкім шығарылуы ықтимал. 

Соңғы жаңалықтар