Үйірлі шегірткелер саны азайып келеді

«Біздің фитосанитариялық қызметтер үнемі бақылау жүргізеді және келесі жылға болжам жасайды. Қазіргі уақытта аса қауіпті зиянды ағзалармен күрес бойынша фитосанитарлық жағдай тұрақты, үйірлі шегірткелердің көлемі азайып келеді», - деп атап өтті ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков.
АШМ өкілдерінің айтуынша, биыл аса қауіпті зиянды ағзалар 4,5 млн га аумаққа таралады деп болжанған және оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге ақша бөлінген. 1,5 млрд теңге үйірлі шегірткелерге қарсы күреске, ал 1,9 млрд теңге астықтың аса зиянды ауруларына қарсы бағытталған.
«Үйірлі шегірткелерге қарсы барлық пестицидтер сатып алынды. Химиялық өңдеулерге 300-ден астам бүрку техникалары жұмылдырылды. Республика бойынша үйірлі шегірткелерге қарсы негізгі жұмыстар аяқталды, жалпы көлемі 1, 8 млн га аумаққа химиялық дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Барлық тиісті шаралар дер кезінде жасалып, зиянкестерден ауылшаруашылық өнім өндірушілерге еш шығын келген жоқ», - деп толықтырды Е. Айнабеков.
Сонымен бірге, Айнабеков биыл шегірткемен күресте еліміздің оңтүстігіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында шегірткелер көбейеді деп болжанып отыр. Бұл биологиялық белсенділікпен және ауа райы жағдайымен тікелей байланысты, яғни әрбір 8-9 жыл сайын бұл өңірлерде марокколық шегірткелердің саны күрт артады. Резервтік қордан қаражат бөлініп, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мәселеде жергілікті атқару органдары үлкен күш салды. Содан болар, ауылшаруашылық егістіктеріне зақым келу оқиғасы тіркелген жоқ», - деп өз сөзін түйіндеді комитет төрағасы.