«Ұйқы ауруы» таралған Калачиге бүгін қосымша мамандар жіберілді - Салидат Қайырбекова
«Комиссия құрамы кеңейтіліп жатыр. Білікті мамандарды жұмылдырып жатырмыз. Осы мәселе бойынша кеше Калачи ауылында жүрген денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерімен селекторлық кеңес өткізіп, қосымша қажет мамандар жайында талқыладық. Осы орайда бүгін бұл мамандар жолға шықты. Осы зерттеулердің нәтижесі белгілі болғаннан кейін, біз барлығын жариялайтын боламыз»,- деді министр. Оның айтуынша, ауылдағы зерттеу жұмыстарының кейбір сынамалары біраз уақытты қажет етеді. «Ауылдағы жағдайдың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан да нәтижелер белгілі болған соң, арнайы бапасөз мәслихаты өткізіледі»,- деп тоқталды С. Қайырбекова. 12 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен Калачи ауылында комиссияның жұмысы барысында шамамен 500 рет ауа құрамы, 760 рет радиациялық фон өлшемдері сараптамадан өткізгенін, тамақ, су және адам ағзасына әсер ететін қоршаған ортаның өзге де факторлары тексерілгені хабарлады. Сонымен қатар биологиялық материалдардың (тырнақ, шаш) 29 үлгісі зерттелді. Барлық көрсеткіштер қалыпты деңгейден аспағандығын көрсетті. Ведомство мәлім еткеніндей, 680 тұрғыны бар Калачи ауылында 2013 жылы наурызда алғаш рет тіркелген оқиғалардан кейін, министрлік бұл жағдайды толық бақылауда ұстауда. Осы уақытқа дейін 33 адам осы ауру белгілері бойынша ауруханаға хабарласқан. «Аталмыш белгілер өткінші сипат алады. 2-3 күннен кейін олар жоғалады, пациенттер өздерін жақсы сезінеді», - деп хабарлайды аталмыш министрлік қызметкерлері.