«Ұйқы ауруына» шалдығып Калачиден Астанаға ұшақпен әкелінген науқастардың жағдайы жақсарды - ҰҒМО
«5 қаңтарда біздің орталыққа Калачи ауылынан әкелінген 4 науқастың үшеуі сол ауылдың тұрғыны, ал 1-еуі 2014 жылдың 31 желтоқсанында қонаққа келген Ресей азаматы. Науқастардың екеуі 1940 жылы туылған болса, қалған екеуі 1956 және 1967 жылғылар. Ауруханаға түскен кезде олардың жағдайлары түрлі деңгейде болды, біреуі жансақтау бөліміне жатқызылды. Пациенттердің әрқайсысының ұзақ уақыт бойғы сырқатнамасы бар, олардың басым көпшілігінің өз денсаулығына немқұрайлы қарағаны анықталды», - деп атап өтті А. Байгенжин.
Оның айтуынша, барлық науқастарға жіті, созылмалы, патологиялық симптомдардың интоксикациялық белгілерінің молекулярлық механизмдері диагностикасының барлық шеңберін қамтуға мүмкіндік беретін заманауи зертханалық анализаторларда кешенді тексеру жүргізілді. «Зерттеу нәтижелері бойынша қандай да бір сыртқы факторлардың әсерін таптық деп айта алмаймыз. Сондықтан біз науқастарды бұрыннан бері бар ауруларына негіздей отырып емдеудеміз. Пациенттердің ішкі органдарының, тамырлар мен жүйке жүйелерінің атеросклеротикалық бұзылыстарының түрлі деңгейдегі аурулары, метаболикалық бұзылыстар - қантты диабет сияқты аурулары бар. Үш науқастың түрлі деңгейдегі ми қан айналымының созылмалы жеткіліксіздігі, ал екі науқастың бас миының ауыр деңгейдегі морфологиялық өзгерістері анық байқалды. Ал төртінші пациентте қан сарысуында темір деңгейінің айтарлықтай төмендегені белгілі болды. Қазіргі уақытта барлығының жағдайы жаман емес. Оларды үйлеріне жібере беруге болады, дегенмен біз әлі де зерттеулерімізді жалғастыра бермекпіз», - деп түсіндірді орталық директоры.