«Ұйқыдағы ару» балетін «Астана Опера» театры жаңа қырынан танытпақ
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 6-7 желтоқсанда «Ұйқыдағы ару» балетін көрнекті балетмейстер, КСРО халық әртісі - Юрий Григоровичтің жаңа хореографиялық редакциясында ұсынады.
Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана Опера» МОБТ баспасөз қызметінен хабарлады.
Театрдың биік сахнасында Аврора ханшайымы мен Дезире ханзадасының басты партияларын сомдайтын балеттің белгілі әртістері: Әйгерім Бекетаева, Тайыр Гатауов - бірінші құрамда және Гауһар Усина, Рүстем Сейітбеков - екінші құрамда.
«Астана Опера» аталған балеттік спектакльді осымен екінші рет қояды, алайда қойылымды тамашалауға келген көрермен оны көрген сайын жақсылық пен зұлымдықтың шегі жоқ айтысын жаңаша сезіне алады. Бұл сюжет көп қырлы, Шарль Перроның кең тараған «Ұйқыдағы ару» француз ертегісінің әдеби нұсқасы. Балеттің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев, театр труппасының көрнекті қоюшы хореографпен жұмыс істеуі, биікке ұмтылған әртістер үшін үлкен серпін бергенін атап өтті.